Түркіменстанда енді жасы отызға толмаған ер азаматтар шетелге шыға алмайды. Бұл туралы Дашогуз облысындағы миграция қызметінің өкілі Азаттықтың Түркімен редакциясына хабарлады.
Дереккөздің мәліметіне қарағанда, шенеуніктер мұндай шешім "азаматтардың қауіпсіздігіне қамтамасыз ету үшін" қабылданып отырғанын айтады.
"Шетелге шықпақ болған менің 27 жасымдағы танысымды облыстық миграция қызметі шақырып алып, жол жүру билетін тартып алды. Оған Ашғабадтан жасы отызға толмағандарды шетелге жібермеу туралы бұйрық келгенін айтқан" дейді дереккөз.
Оның сөзінше, танысына билеттің құнын өтеп берген.
Соңғы айларда Түркіменстан азаматтарының Түркияға шығуы қиындап кеткен. Сонымен бірге, қазір шетелде жұмыс істеп жүрген азаматтар мен оқып жүрген студенттерді елге қайтару мәселесі қолға алына бастаған.