Ресейдің Telegram мессенджерін бұғаттауы жеке алты жағдаятқа байланысты дауға берілген пропорционалды жауап емес деп мәлімдеді БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитеті басшысының ресми өкілі Руперт Колвилл.
Оның пікірінше, Telegram ісі бойынша өткен сот барысында адам құқығы саласындағы "құқықтық қорғау шаралары мен қадағалауды қажет ететін" халықаралық стандарттар сақталмаған.
Бұған дейін БҰҰ шифрланған мәліметке жаппай емес, кейбір жекелеген жағдайларда сот шешімімен және азаматтардың құқығын сақтай отырып қана қол жеткізуге болатынын айтқан.
Былтыр шілдеде Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мессенджер иесінен алты телефон нөмірі бойынша жазылған хат-хабарды оқитын кілтті беруді талап еткен. Telegram оны орындаудан бас тартқан соң, 800 мың рубль айыппұл салынған.
13 сәуірде Мәскеу соты Роскомнадзордың талабы бойынша Ресей аумағында мессенджерді бұғаттауға шешім шығарған. Сот шешімі бойынша, Telegram ФСБ-ге қолданушылар ақпаратын шифрлайтын кілтті беру талабын орындамайынша бұғатта болады.
17 сәуірде Роскомнадзор Telegram мессенджерін қолдануды шектеуге байланысты Amazon және Google компанияларының 16 миллион IP-адресін бұғаттаған.
Оқи отырыңыз: Telegram бұғатынан басқа сайттар да зардап шегіп жатыр
Telegram-ның негізін салушы Павел Дуров бұған дейін "ресейліктердің құпия түрде хат-хабар алмасу құқығын қорғай беретінін" мәлімдеп, бұғаттауды айналып өтуге көмектескендерге грант бөлуге уәде берген.