Accessibility links

Назарбаев: Армениядағы жағдайды келіссөзбен шешкен жөн


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Армения президенті Армен Саркисянмен телефонмен сөйлесіп, Армениядағы саяси жағдай туралы пікір алмасты деп хабарланды Ақорданың ресми сайтында.

Назарбаев әңгіме барысында ынтымақтас Армения халқына бейбітшілік пен тыныштық тілеп, "дағдарысты Армения конституциясына сай барлық мүдделі тараптың диалог орнатуы арқылы және заң үстемдігін басшылыққа ала отырып шешудің" маңызды екенін айтты.

Ресми мәлімет бойынша, президенттер Армения тарапының тілегі бойынша сөйлескен.

25 сәуірде бұдан бұрын Армения президенті Армен Саркисян Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлесіп, Ервандағы жаппай қарсылық шерулерін талқылаған. Путин Армения билігін дағдарысты шиеленістірмеуге және жанжалды келіссөз арқылы шешуге шақырған.

23 сәуірде он бір күнге созылған оппозиция шеруінен кейін Арменияның премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кеткен еді. Саргсянмен бірге оның үкіметі де отставкаға кеткен. Оның орнына премьер міндетін уақытша атқарушы болып бірінші вице-премьер Карен Карапетян тағайындалған.

Кеше оппозиция жетекшісі, депутат Никол Пашинян жақтастарын азаматтық мойынұсынбау шарасын жалғастыруға шақырған.

XS
SM
MD
LG