Мамырдың 9-ы күні Алматыдағы 28 панифловшы жауынгер атындағы саябақта екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу шарасына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Қала көшелерінде күзет күшейтіліп, шара өткен саябаққа жұртты тексеріп кіргізді.
Назарбаев саябақтағы мәңгілік алауға гүл қою рәсіміне қатысып, соғысқа және еңбек ардагерлерінің алдында сөз сөйледі. Ол соғысқа Қазақстаннан аттанған 1,8 миллион адамның жартысына жуығы оралмағанын айтты.
"Біз тәуелсіз мемлекет құрып жатқан, төңірегімен достық қатынастағы, ішкі жағдайы тұрақты, тату бейбіт елміз. Бұл болашақтағы барлық жетістіктеріміздің де кепілі деп білемін. Біз бейбіт ел болсақ та, өткен соғысты ұмытқан жоқпыз, сондықтан қорғанысқа әзір болуға тырысамыз" деді ол.
Жеңіс мерекесіне байланысты еске алу шарасы Астана қаласында да өтті. "Отан қорғаушылар" монументіне гүл қою шарасына премьер-министр Бақытжан Сағынтаев, парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрлан Нығматулин және өзге де билік өкілдері қатысты.
Бұл күні Қазақстанның басқа қалалары мен ауылдарында екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу рәсімі өтті. Кей қалаларда соңғы жылдары дәстүрлі шараға айналған "Мәңгі өлмес полк" шеруі ұйымдастырылды. Алматыдағы "Мәңгі өлмес полк" шеруіне мыңдаған адам қатысты.
Қолдарына Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан туыстарының суреттерін ұстап шыққан адамдар қаладағы Астана алаңынан шығып, Төле би, Достық және Қазыбек би көшелерімен 28 панфиловшы жауынгер атындағы саябаққа дейін жүріп барған.
Оқи отырыңыз: Жеңіс күнінің жаңа символдары
Шеруді ретро-автокөліктер мен әскери техникалар бастап жүрді. Шеруге қатысушылар жол бойы әскери әндер орындады.
Алматыдағы "Мәңгі өлмес полк" шеруіне келген 85 жастағы Алматы тұрғыны Вера Прохорованың айтуынша, әкесі Иван Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан. Ол шеруге әкесінің фотосын ұстап шықты.
Соңғы бірнеше жылдан бері мамырдың 9-ы - Жеңіс күні Ресейдің көптеген қалаларымен бірге постсоветтік елдердің кейбірінде "Мәңгі өлмес полк" шеруі өткізіліп келеді. Тәжікстан астанасы Душанбеде биыл жергілікті билік "Мәңгі өлмес полк" акциясын өткізуді сұраған ардагерлер одағының өтінішін қабылдамаған. Душанбе акция "ислам құндылықтарына сәйкес келмейді" деп санайды. Ал әлемде орыс мәдениетін насихаттаумен айналысатын "Россотрудничество" ұйымының осы елдегі өкілдігі "Мәңгі өлмес полк" шеруі өте қалса, соғыс ардагерлерінің суреттері мен 9 мамырға арналған транспаранттарды тегін әзірлеуге дайындығын білдірген.
Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, биліктің тыйымына қарамастан Душанбеде "Мәңгі өлмес полк" шеруі өткенін, оған жүздеген адам жиналғанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Орталық Азия Жеңіс күнін ресейлік реңктен арылта алмай келеді
Биыл Беларусь астанасының билігі Минскте "Мәңгі өлмес полк" шеруін өткізуге рұқсат бермеген. Қала басшылығы Жеңіс күніне арналған өзге шаралар жоспарланғанын айтқан.
Қазақстан соғысқа 1 миллион 200 мыңдай адам аттандырған. Оның 420 мыңдайы майданнан қайтпай қалған. Қазақстаннан соғысқа қатысқан 497 адамға Совет одағының батыры атағы берілген. Соның ішінде төрт әскери ұшқыш бұл атаққа екі мәрте ие болған.
Видео: Астана мен Алматыда өткен "Мәңгі өлмес полк" шеруі
Қазақстан билігінің дерегі бойынша, қазір елде көзі тірі 2067 соғыс ардагері бар. Оларға әлеуметтік жеңілдіктермен қоса әр облыста әртүрлі мөлшерде бір жолғы көмек беріледі.
Ең аз дегенде 100 мың теңгеден (300 доллар) басталатын бір жолғы жәрдемақының ең жоғары мөлшері 540 мың теңгені (1600 доллар) құрайды. Биыл Астана әкімдігі Ардагерлерге 500 мың теңге (1500 доллар), Алматы әкімдігі 250 мың теңге (760 доллар) сыйақы береді.
Фото: Шамиль Жуматов, Reuters