Accessibility links

Ыстықкөлдегі жаппай улануға қатысты айыппұл салынды


Ыстықкөл. Қырғызстан, қазан, 2017 жыл.
Ыстықкөл. Қырғызстан, қазан, 2017 жыл.

Қырғызстанда Ыстықкөл жағасындағы "Аврора" санаторийінде 24 адам астан уланғаннан кейін мекеме басшысына 10 мың сом (145 доллар) көлемінде айыппұл салынды. Улану оқиғасы туралы дер кезінде хабарламағаны үшін Ыстықкөл аумақтық ауруханасының бас дәрігеріне бес мың сом (шамамен 73 доллар) айыппұл салынған. Бұған қоса санаторийдің тағы екі қызметкері де айыппұл төлейтін болды деп хабарлайды Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Жұма күнгі мәлімет бойынша, санаторийден улану белгісімен жергілікті ауруханаға жеткізілген 16 адам әлі сол мекемеде ем алып жатыр. Демалушылар арасында улану белгісі алғаш рет байқалған мамырдың 7-інен бері барлығы 24 адам ауруханаға жатқызылған. Мамырдың 8-і күні ауруханадан шыққан жеті адамның арасында Иран, Ирак, Біріккен Араб әмірліктерінен келген спортшылар және санаторийдің ас әзірлеу бөлімінің бір қызметкері бар. Ауруханада қалған адамдардың денсаулық жағдайы "қанағаттанарлық" деп хабарланды.


Науқастарға "астан уланған" деген алдын ала диагоноз қойылған. Улану себебін анықтау үшін санаторийден алынған тағам үлгілері зерттеуге жіберілген. Алдын ала қорытынды бойынша, санаторийде демалушыларға берілген тағамнан сальмонелла бактериясы табылған.

Бұған дейін, биыл наурызда Бішкектегі мейрамханада жүздеген адам астан уланған болатын.

Қырғызстанның Ыстықкөлі, әсіресе жаз айларында демалуға қазақстандықтар көп баратын танымал орындардың бірі. Қазақстан статистика комитетінің мәліметі бойынша, өткен жылы Қазақстаннан Қырғызстанға 2,7 миллион адам барған.

XS
SM
MD
LG