Қырым татарларының жетекшісі әрі Украина президенті Петр Порошенконың Қырым татарлары ісі бойынша уәкілі Мұстафа Джемилев Ресейдің аннексиялап алған Қырым түбегіне бір миллионға дейін адам қоныстандырғанын хабарлады.
Джемилев "Укринформ" агенттігіне берген сұхбатында Мәскеу 2014 жылы басып алған Қырымға Ресейдің түрлі аймағынан көп адам қоныстандырғанын айтты. "Бұл - әскери құпия саналады, себебі олар мұның қылмыс екенін біледі" деді Джемилев. Оның есебінше, Қырымға соңғы төрт жылда 850 мыңнан бір миллионға дейін адам көшірілген.
"Ресей қазір Екатерина ІІ тұсында болған алғашқы басқыншылық кезінде қолданылған стратегияны қайталап отыр десек болады. Ол кезде адамдарды депортациялайтындай мүмкіншілік болған жоқ, теміржол, вагон деген болмады. Олар жай ғана адам төзгісіз жағдай жасап, оларды көшіп кетуге мәжбүрледі. Салдарынан Қырым татарлары аз уақыт ішінде аз ұлтқа айналды" деді Мұстафа Джемилев.
ПІКІРЛЕР