Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ақтөбе облысында орамал таққаны үшін мектепке бара алмаған және келесі сыныпқа өтпейді делінген оқушылардың мәселесі қарастырылатынын айтты. Үкімет жиынынан соң Азаттық тілшісі министрге "Ақтөбе облысында орамал дауына байланысты биыл мектепке бармаған оқушылар келесі жыл да мектепке бара алмайды екен. Бұған қандай пікір білдіресіз?" деген сұрақ қойған."Мұны облыспен бірлесіп жұмыс істеп, қарстырамыз. Ол жағын ата-аналармен сөйлесу керек, әкімшілікпен жұмыс істеу керек. Бірнеше жиналыс өткізіп, бұл мәселені қараймыз" деді Сағадиев.
Ақтөбе облыстық Дін істері басқармасының дерегінше, облыста биылғы оқу жылының соңындағы мәлімет бойынша "бірыңғай мектеп формасы талабын бұзғаны" себепті 22 бала сабаққа бара алмаған. Оның екеуі Шалқар қаласынан, қалған 20 бала – Ақтөбе қаласындағы мектептердің оқушылары. Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева "Білім туралы" заңға байланысты оқу бағдарламасын меңгермеген баланың келесі сыныпқа көшпейтінін айтқан.
Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы өткен жылы күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кей мектеп әкімшіліктері мен ата-аналар арасындағы "орамал дауына" себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.
ПІКІРЛЕР