Accessibility links

Тұңғышбаев халықаралық ұйымдардан көмек сұрады


Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев Бішкек қалалық сотында. 28 мамыр, 2018 жыл. Суретті құқыққорғаушы Ғалым Агелеуов түсірген
Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев Бішкек қалалық сотында. 28 мамыр, 2018 жыл. Суретті құқыққорғаушы Ғалым Агелеуов түсірген

Қазақстан билігінің сұрауымен Бішкекте ұсталған қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаев халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарына мәлімдеме жолдап, көмек сұрады. Қырғызстан арнайы қызмет өкілдерінің өзін саяси себеппен ұстап, Қазақстан билігіне тапсырайын деп отырғанын айтқан белсенді халықаралық қауымдастықты мұны тоқтатуға шақырады.

“Өзге де саяси астары бар істер сияқты, Қазақстан билігі азаптау мен адам төзгісіз жағдайларда ұстау арқылы менен өздеріне ыңғайлы жауап алуға тырысады. Сондықтан халықаралық қауымдастықты мені қолдап, Қазақстанға экстрадицияны тоқтатуға шақырамын” делінген мәлімдемеде.

Мәлімдеме Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуропарламент, Еуропалық комиссия, БҰҰ, Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы т.б ұйымдарға бағытталған.

​Жақында ғана сол көзіне операция жасатқан белсенді бұдан бөлек, “ауыр қамау жағдайында қажетті медициналық көмек ала алмай” отырғанына шағымданып, халықаралық қауымдастықты Қырғызстан билігіне ықпал етуге шақырады.

Тұңғышбаев мәлімдемесінде “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы белсенділерінің қуғындалуы сияқты елдегі маңызды оқиғалар туралы Youtube-та контенттер әзірлеп келгенін, Қазақстан билігінің өзін "осы қызметі үшін қуғындап отырғанын" айтады.

Қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдері мамырдың 10-ы күні Бішкекте тұрып жатқан жерінде ұстаған.

24 мамырда Қырғызстан бас прокуратурасы қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстан билігіне тапсыру туралы шешім шығарған. Бас прокуратура қаулысында оның ұсталуында "саяси астары жоқ" екені және оның азаптауға ұшырамайтыны туралы айтылған. Адвокат Нұрбек Тоқтақунов Қырғызстан бас прокуратурасының бұл шешіміне байланысты аппеляциялық шағымды осы аптада сотқа түсіретінін айтқан.

Мамырдың 28-і күні Бішкек қалалық соты Мұратбек Тұңғышбаевты екі айға қамау туралы Первомай аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Сот құжаттарына сәйкес, Қазақстанда Мұратбек Тұңғышбаевтың үстінен "қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру" (Қазақстан Қылмыстық кодексінің 266-бабы 1-бөлімі) және "экстремистік ұйым құру және оның қызметіне қатысу" (Қазақстан Қылмыстық кодексінің 405-бабы, 1-бөлімі) бойынша айыптар тағылып отырғаны жазылған.


  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG