Ауғанстан президенті Ашраф Ғани тәліптермен мұсылмандардың Рамазан айы аяқталып, Айт мерекесі басталатыны қарсаңында уақытша бітім жасалғанын жариялады. "Талибан" қозғалысының бұл бітімді қолдайтыны, я қарсы екені әзірге белгісіз. Бітім 11 маусымнан 15 маусымға дейін созылады деп болжанып отыр.
Ашраф Ғани 7 маусымда жарияланған бейне үндеуінде Ауғанстанның түрлі аймақтарында содырлар жасайтын қанды шабуылдар Рамазан айында да азаймағанын айтады. Ғани Ауғанстан қауіпсіздік күштері "Талибанның" Ауғанстандағы қанатына қарсы шабуылын "тоқтата тұратынын", бірақ "Ислам мемлекеті", "Әл-Қаида" сияқты экстремистік ұйымдар мен басқа да халықаралық террорлық топтармен күресін жалғастыра беретінін айтады.
"Бітім талибтерге олардың зорлық-зомбылық кампаниясы ауған халқын өздерінің идеясынан алшақтататынын түсінуге мүмкіндік береді" деп жазды Ашраф Ғани Twitter-де. "Талибан" өкілдері бұған қатысты әзірге комментарий бермеді.
Бұған дейін Ауғанстанның Үлемдер кеңесі ел қауіпсіздік күштері мен талибтерді және басқа да қарулы топтарды бітім жасауға және бейбіт келіссөз бастауға шақырған пәтуа шығарған.
ПІКІРЛЕР