Алматы қалалық соты 8 маусым күні белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты қамауға алу туралы аудандық сот шешіміне берілген шағымды қанағаттандырмай тастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Белсендіге қатысты сотқа журналистер кіргізілмеді. Сотты бақылауға барған құқық қорғаушылар мен бақылаушылар да қатыстырылмады.
Мұратбек Тұңғышбаевтың қорғаушылары оны қамауға алу туралы сыртынан шығарылған сот шешімін заңсыз деп, жеке шағым түсірген. Шамамен жарты сағатқа созылған сот отырысынан кейін Тұңғышбаевтың адвокаты Серік Айтбаев шағымның қанағаттандырылмағанын хабарлады.
Адвокат істі қараған судья Батыровтың қорғау тарабы айтқан дәлелдерді ескермегенін айтып, сот шешімін заңсыз деп есептейді.
- Сот Тұңғышбаевты сырттай кінәлі деп тапқан. Оған ақпарат құралдары арқылы ескертпеген. 2018 жылы 3 мамырда оны сұрақ-жауапқа шақырып, сол күні-ақ оны күдікті қылып, іздеу жариялаған. Яғни, оны іздемеген, үйіне бармаған, сұрамаған. Енді тергеушілер оны тергеуге дейінгі органдардан жасырынды деп айыптап отыр, - деді Айтбаев.
Адвокат Қазақстанда соттың бұл шешіміне одан ары шағымдануға мүмкіндік жоғын айтып, енді Бішкек жақтан шешім күтетінін жеткізді.
Алматының Алмалы аудандық соты 3 мамыр күні Мұратбек Тұңғышбаевты "қылмыстық топтың қызметін қаржыландырды" және сот экстремистік деп таныған ұйымның қызметіне қатысты" деген күдікпен қамау туралы сырттай шешім шығарған.
Бүгін таңертең Бішкектің Октябрь аудандық соты Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтару туралы бас прокуратураның қаулысына қарсы шағымды қараған. Сот отырысына Тұңғышбаевты әкелмегендіктен, адвокат Нұрбек Тоқтақунов сот отырысына қатысудан бас тартқан. Сол себепті сот 19 маусымға шегерілген.
10 мамыр күні Қырғызстан арнайы қызметінің өкілдері Тұңғышбаевты тұрғылықты жерінен ұстап әкеткен. Туыстарының айтуынша, Тұңғышбаев 2014 жылдан бері Қырғызстанда тұрады. Ол тұрған пәтерде тінту болған. Кейін Тұңғышбаевтың Қазақстан тарабының сұрауымен ұсталғаны белгілі болған. Бішкектің Первомай аудандық соты Тұңғышбаевты екі айға қамау туралы шешім шығарып, апелляция соты оны күшінде қалдырған.
21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялауды мақұлдаған.
Мұратбек Тұңғышбаевтың адвокаты Бішкекте прокуратураның оны Қазақстанға беру туралы шешіміне шағымданған. Шағымды қарау 19 маусымға қалдырылған.
Мұратбек Тұңғышбаевтың өзі азаматтық белсенділік танытқаны үшін қуғындалып жатқанын, қылмыстық істің саяси астары барын айтады және Қазақстан билігі өзіне қысым жасауы мүмкін деп жорамалдайды.
Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттықтың Қырғыз редакциясына қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаевқа босқын мәртебесін беру мәселесін қарастырып жатқанын хабарлаған.
29 мамыр күні Тұңғышбаев құқық қорғау ұйымдары мен халықаралық қауымдастықты өзін экстрадициялауға жол бермеуге шақырған. 31 мамырда Тұңғышбаевтың анасы Алматыдағы Қырғызстан елшілігіне ұлын Қазақстанға қайтармауды сұрап, хат тапсырған.
Видео: "Баламды Қазақстанға бермеңдер" (31.05.2018)
ПІКІРЛЕР