"Үлкен жетілік" (G7) құрамындағы Еуропа Одағының өкілдері Кремль Украинаның шығысындағы дағдарысты реттеуге қатысты міндеттемелерін орындамағандықтан Ресейді саммит қатарына қайта қабылдауға әлі ерте деп санайды. Бұл туралы Квебектегі G7 саммиті алдында өткен Еуропа Одағы лидерлерінің кездесуі қорытындысы жайлы сөзінде Германия канцлері Ангела Меркель мәлімдеген. Мұны Франция президенті Эммануэль Макронның кеңесшілері де айтқан. Ресейді саммитке қатыстыруға байланысты мемлекет басшылары әзірше бірлескен мәлімдеме жасаған жоқ.
Мәскеу 2014 ылы Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Ресейді "Үлкен сегіздік" саммиті қатарынан шығарған. Мәскеумен келіссөздерді жалғастыру қажеттігі туралы жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеген.
Ресей президенті Владимир Путин бұл уақытта Қытайда сапармен жүр. Қытай өкіметі оны Достық орденімен марапаттады. Кремльдің баспасөз қызметі Путин осы орденді алған алғашқы шетелдік саясаткер деп хабарлады.
Трамптың Кремльмен келіссөздерді жалғастыру туралы айтқан ұсысына байланысты Ресей парламенті жоғарғы палатасының өкілдері пікір білдірді. Федерация кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің жетекшісі Константин Косачев: "Ал оның бізге қажеті бар ма?" деп мәлімдеген.
Экономикасы дамыған жеті ел (G7, Group of seven) енетін "Үлкен жетілік" саммитіне АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия мен Жапония лидерлері қатысады. Биылғы саммит тақырыбы экономикалық өсім, технологиялық құрылысты алмастыру, гендерлік теңдік, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және "әлем қауіпсіздігін нығайту" мәселелеріне арналған. Әлемдегі қауіпсіздік тақырыбы аясында саммит қатысушылары Кремльдің Сириядағы және Украинаның шығысындағы іс-әрекеттерін талқылайды.
ПІКІРЛЕР