АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Сингапурде өткен саммит қортындысы бойынша құжатқа қол қойды. Екі ел басшылары қандай құжатқа қол қойғанын жарияламады. АҚШ президенті Дональд Трамп екі сағаттан соң өтетін баспасөз мәслихатында саммит қортындысы туралы кеңірек айтатынын хабарлады.
"Тарихи кездесу өткіздік. Әлемде үлкен өзгеріс болады" деді Ким Чен Ын.
Дональд Трамп "Солтүстік Корея ядролық қарудан арыла ма?" деген сауалға "бұл процестің таяу уақытта басталатынын" айтты. Трамп бұған қоса Ким Чен Ынды АҚШ-қа сапарлап қайтуға шақыратынын жеткізді.
Сингапурде 12 маусымда Сентоса аралындағы Capella қонақ үйінде өтіп жатқан кездесуде екі ел басшысы бірге түскі ас ішкен. Астан соң екі ел басшылары бақта серуендеген. Серуен кезінде Дональд Трамп журналистер алдында сөйлеп, ал Ким Чен Ын сөйлемеген. Бұның алдында Солтүстік Корея лидері кездесуді "бейбітшілік нышаны" деп атаған.
"Расымен оң өзгерістер бар. Меніңше, күткендегіден де жақсы кездесу болып жатыр" деген Трамп журналистерге.
Оқи отырыңыз: АҚШ пен Солтүстік Корея басшылары кездесті
АҚШ пен Солтүстік Корея басшылары бұрын-соңды кездеспегендіктен әрі бұл саммитте Корей түбегін ядролық қарудан ада қылу мәселесі талқыланып жатқандықтан, сарапшылар оны тарихи оқиға санайды.
ПІКІРЛЕР