Ақтөбедегі "Автопарк" компаниясының басшылары 12 маусым күні баспасөз мәслихатын өткізіп, "жергілікті билік тарапынан бизнеске қысым жасалып жатыр" деп мәлімдеді. "Автопарк" директоры Ағарыс Тілеулесовтің айтуынша, кәсіпорынның техникалық базасы мен білікті кадрларын сақтау күннен-күнге қиындап барады.
Олар қалалық әкімдіктің жолаушы тасымалы үшін субсидия беруді тоқтатқанына және жол ақысын қымбаттауға рұқсат бермей отырғанына наразы. Ақтөбеде жол жүру ақысы 2014 жылдан бері - 55 теңге.
"Қазақстанның өзге өңірлерінде жол ақысы - 80 теңге және одан жоғары. Өйткені 2014 жылдан бері Қазақстандағы жолаушы тасымалымен айналысушы кәсіпорындар шығыны күрт артып, автобустарды жөндеу мен оларға техникалық қызмет көрсету шығыны өсті. Жанар-жағар май бағасы да күн сайын қымбаттап жатыр" дейді Ағарыс Тілеулесов.
Кәсіпорын басшылары жол ақысын 90 теңгеге өсіруді ұсынады. "Автопарк" өкілдерінің айтуынша, жолақысы 90 теңге болса 2019 жылы 50 автобус алып, электронды билет жүйесін енгізіп, зейнеткерлер мен мұқтаж тұрғындар үшін жол ақысына жеңілдік жасалмақ. "Автопарк" басшыларының мәлімдемесіне орай Ақтөбе қалалық әкімдігі 13 маусымда түсініктеме беруі тиіс.
ПІКІРЛЕР