Қазақстан Бас прокуратурасы азаматтарды тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы үндеген 23 маусымдағы қарсылық митингісіне шықпауды ескертті.
Бас прокуратура 14 маусымда таратқан хабарламасында әлеуметтік желілерде "экстремистік" деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымының басшысы Мұхтар Әблязов пен оның жақтастары қазақстандықтарды 23 маусым күні митингіге шығуға шақырғанын айтады.
"ҚДТ идеяларын насихаттауға Қазақстан сотынан қашып жүрген Жанар Ахметова, Бота Жәрдемәлі және басқалары белсенді көмектесіп жатыр" деген прокуратура олардың мақсаты "Қазақстанда жасаған ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін жауаптан жалтару және қылмыстық қудалауды саясиландыру" екенін айтады.
Соңғы күндері Мұхтар Әблязовтің YouTube-тегі каналында азаматтарды "тегін білім алуды" талап етіп, 23 маусымда митингіге шығуға шақырған бейне үндеу мен роликтер жариялана бастаған.
Оқи отырыңыз: Астаналық заңгер ҚДТ-ға тыйым салумен келіспейді
Бас прокуратура Әблязовтің бейне үндеуде айтқан мәлімдемелері "шындыққа сай келмейтінін жәнеқоғамда әлеуметтік араздықты қоздыруды көздейтінін" айтып, рұқсатсыз митинг я бейбіт жиын өткізгендердің әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертеді.
Астананың Есіл аудандық соты наурыздың 13-інде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, елде қызметіне тыйым салған.
"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрушылардың бірі -Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ымырасыз сынап жүрген оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов қазір шетелде тұрады. Ол бұған дейін де әлеуметтік желілер арқылы халықты митингіге шақырған.
ПІКІРЛЕР