Accessibility links

Суреттегі жартылай жалаңаш әйелді "киіндіргендер" дауға қалды


Қоқан қалалық театрының қабырғасында әйел періштелер бейнеленген фреска.
Қоқан қалалық театрының қабырғасында әйел періштелер бейнеленген фреска.

Өзбекстанның Ферғана облысы Қоқан қаласында театр ғимараты қабырғасына салынған әйел періштелер бейнеленген фресканы өзгертіп, қайта салған. Мәдениет министрлігі бұл оқиғаны "вандализм" деп атап, оны тексеру үшін арнайы комиссия құрған.

Ташкенттік өнертанушы Ақмал Ризаевтың айтуынша, Қоқан қалалық театрының қабырғасында жартылай жалаңаш әйел періштелер бейнеленген фреска (қабырғаға салынған сурет – ред.) болған. Ризаевтың сөзінше, қала билігі өнер туындысы "ислам нормаларына қайшы" деп ұйғарғаннан кейін белгісіз суретші фреска кейіпкерлерінің жалаңаш денесіне "киім кигізіп", бетін бүркеп қойған.

- Бұған қоса, олар совет солдаттары бейнесіндегі тарихи кейіпкерлерді қоқандардың дәстүрлі тақиясы мен шапанын кигізіп өзгерткен. Ақын Хамза Хакимзаде Ниязидің суреті бейнеленген фресканың бір бөлігін гипсокартонмен көлегейлеп қойған, - дейді Ақмал Ризаев Азаттықтың Өзбек қызметіне.

Ризаевтың сөзінше, қалалық театр ғимараты қабырғасындағы фресканы 2017 жылы маусымда қалаға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев келер алдында асығыс-үсігіс қайта салып шыққан.

- Фресканы биыл көктемде қызметінен алынған сол кездегі Қоқан хокимі (әкім-ред.) Рахматали Жалиловтың пәрменімен өзгерткен көрінеді. Хоким фреска ислам нормалары мен халқымыздың менталитетіне қайшы деп ұйғарыпты, - дейді өнертанушы.

АВТОР АШУЛЫ

Фреска авторы Бахадыр Жалолов мұны "тағылық" деп атайды.

– Мен өліп қалған жоқпын, әлі тірімін ғой! Олар картинамды неге қайта салады? Енді елімізде діни надандықпен шенеуніктеріміз айналыса бастаған ба? Фресканы "ұят" санаған әлгі надандар бұл тарихымыздың бір бөлігі екенін білмейді. Мен ол фресканы "Афрасиаб" қабырғасына салынған фреска картиналардан шабыт алып салғанмын. Олар менің картиналарыммен бірге белгілі суретші Липененің қолынан шыққан витраж бен люстраны да бүлдірген. Бұл вандализм туралы перзидентке жазамын, - дейді суретші Бахадыр Жалолов Азаттыққа.

Өзбекстан мәдениет министрлігі өкілі Мавлюда Асқарходжаева Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісімен әңгімеде Қоқан қалалық театры қабырғасына салынған фресканы қашан өзгерткені әзірге белгісіз екенін айтты. Оның сөзінше, фресканы өзгерту жұмыстарын қала әкімінің орынбасары басқарған.

Бұл - Өзбекстан мәдениет министрлігінің қорғауындағы фреска. Жергілікті билік өкілдері өнер туындысын өз білгендерінше өзгертіп тастаған

- Бұл - Өзбекстан мәдениет министрлігінің қорғауындағы фреска. Жергілікті билік өкілдері өнер туындысын өз білгендерінше өзгертіп тастаған. Біз Қоқан билігінің бұл әрекетін айыптаймыз. Жұмыс комиссиясы ұйғарымы шыққаннан кейін кінәлі шенеуніктер жазаланатын болады, - деп мәлімдейді әкім орынбасары.

"ҰЯТ" ДЕГЕН СЫЛТАУМЕН...

Өнертанушы Ақмал Ризаевтың айтуынша, кейінгі кезде Өзбекстанда "ұят болады", "дін қағидаларына қайшы" деген сылтаумен өнерді шектеу әрекеттері жиілеген.

- Біздің өнертану саласындағы жоғары оқу орындарымызда жалаңаш натурадан сурет салуға, мұражайларда жалаңаш әйел салынған картиналарын шығаруға қазірдің өзінде тыйым сала бастапты. Қазір мемлекеттік мұражайда итальяндық суретші Беллолидің "Суға шомылып жүрген әйел" деген картинасын көрме залынан алып тастау мәселесі талқыланып жатыр, - дейді өзбекстандық өнертанушы.

Өнер туындылары Қазақстанда да "ұят" тақырыбында пікірталас тудырған. Екі жыл бұрын Астана тұрғыны Талғат Шолтаев қала орталығындағы бойжеткеннің мүсіні "тым ашық-шашық" деп санап, жаулық жауып қойған.

Астана тұрғыны Талғат Шолтаев ескерткіш жанында тұр.
Астана тұрғыны Талғат Шолтаев ескерткіш жанында тұр.

Әлеуметтік желілерде кейбіреулер "мүсін ибалы қазақ қызының дәстүрлі образына кір келтіреді" деп жазып, Шолтаевқа алғыс жаудырған. Кейбіреулер "түсінбейміз, ұят түгі жоқ" деп астаналық тұрғынның қылығын айыптаған.

Біраздан кейін алматылық суретші Мұрат Ділманов "Ұятмен" деген карикатуралық кейіпкер ойлап тапты. Кейіпкер Интернеттің қазақстандық сегментінде танымал болып кетті. Ал сөздің өзі пайдаланушылардың лексиконына енді. "Ұятмен" азғындауға қарсы күресіп жүргенін мәлімдейтін "моральды қызғыштай қорушылардың" жиынтық бейнесіне айналған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы орысшадан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG