Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 29 маусым күні Астанада парламент отырысы арасында 23 маусымда елде митинг өткізу әрекетінен соң бес адам жауапқа тартылғанын айтты. Vlast.kz сайтының хабарлауынша, Қасымов қанша адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілгенін нақты айтпады.
"Бес адам сотқа жіберілді, олардың бірі қамалды, қалғанына айыппұл салынды. Басқа адамдармен түсіндіру мақсатында әңгімелескен, сонымен болды. Меніңше, бір адам 10 тәулікке жабылды, нақты есімде жоқ", - деді Қасымов.
Осы аптаның басында Қасымов Азаттық тілшісінің 23 маусымда ұсталғандар саны қанша деген сұрағына жауап бермеген еді.
Қасымов ұсталғандар туралы сұраққа жауап бермеді
Қазақстанда қызметіне тыйым салынған Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (ҚДТ) елде 23 маусым күні "тегін білім беруді талап етіп" рұқсат берілмеген митинг өткізуге шақырған. 23 маусымда Алматы, Астана және Шымкентте полиция ҚДТ митинг өтеді деп белгілеген алаңдардан ондаған адамды ұстап әкеткен. Ұсталғандар ешқандай ұран айтып, талап қоймаған, плакат та ұстамаған. Олардың кейбірі митингіге қатысу ойында болмағанын, алаң маңынан өтіп бара жатқанын айтқан.
Митинг өтпеген күнгі жаппай ұстаулар
ҚДТ-ны қуғындағы экс-банкир, 2009 жылдан бері шетелде тұратын әрі Астананың саясатын сынайтын Мұхтар Әблязов құрған. 10 мамыр күні Қазақстанның бірнеше қаласында "саяси тұтқындарды босатыду" талап еткен, билік рұқсат бермеген митинг өткен. Ол митингіде де полиция адамдарды жаппай ұстаған. Әблязов наразылық митингілерін өзі ұйымдастырғанын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР