АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесерден бірнеше күн бұрын Мәскеу аннексиялап алған Украинаның Қырым түбегін Ресей территориясы деп тану мүмкіндігін жоққа шығармады.
Маусымның 29-ы кешке президенттік ұшақ бортында журналистердің осы уақытқа дейін Қырым аннексиясын мойындаудан бас тартып келген Ақ үйдің ұстанымынан бас тартпайсыз ба деген сұрағына Трамп "Біз көреміз" ("We're going to have to see") деп жауап берген. Сонымен бірге Трамп Қырымды аннексиялауына жауап ретінде АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларын қайта қарайсыз ба деген сауалға да әлгіндей жауап қатқан.
Трамптың мәлімдеуінше, оның Путинмен алда болар кездесуінің мақсаты –"қырғи-қабақ соғыс" кезінен бері ең төмен деңгейге түсіп кеткен Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты жақсартуды көздейді. "Ресейдің не істейтінін көреміз", - деген Трамп.
Бұған дейін еуропалық лидерлерге сілтеме жасап тараған жаңалықтарда Трамптың жақында Канадада өткен "Үлкен жетілік" саммиті кезіндегі оңаша әңгімеде Қырым тұрғындарының негізгі бөлігі орыс тілінде сөйлейтіндіктен түбек Ресейдің құрамында болғаны жөн деп айтқаны туралы хабарланған.
Дональд Трамп 2016 жылы АҚШ президенті сайлауы науқаны уақытында да АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бірнеше рет уәде беріп, түбек аннексиясын мойындау мүмкіндігін жоққа шығармаған болатын. Бірақ АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін Трамп өзіне дейін Ақ үйді басқарып, "Ресейдің Қырымды аннексиялауы халықаралық құқықты бұзады" деп мәлімдеген Барак Обаманың кезінде қабылданған АҚШ-тың позициясын ұстанды. Обаманың билігі тұсында АҚШ тәрізді Еуропа Одағы Ресейге қарсы санкциялар енгізген.
ПІКІРЛЕР