Азаттықтың Қырғыз редакциясының журналисі Уланбек Егізбаев суға батып қайтыс болған. Бұл жайында Бішкекте жасалған сот-медициналық сараптамасының қорытындысында айтылады.
28 жастағы Уланбек Егізбаев 22 шілде күні отбасымен Ыстықкөлдегі пансионатта демалып жатқан кезде қаза тапқан.
Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Уланбек Егізбаев әуелі демалыс аймағынан шығып кетіп, сосын қайтар алдында суға шомылып алмақ болған. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, демалыс аймағындағы сатушылар жағажайдан ондаған метр қашықта суда бір батып, бір қалқып жүрген адамды байқаған. Бірақ олар әуелде шомылып жүрген адам болуы мүмкін деп, оған мән бермеген. Бірақ сатушылар ол су бетіне мүлдем қалқып шыққанын көргенде жағажайдағы адамдарға хабар берген.
Уланбек Егізбаев 2016 жылы "Арман" ("Мечта") ролигі үшін Webby Awards сыйлығын иеленген.
Журналистік жұмыстары үшін Уланбек Егізбаев Қырғызстанның Құрмет грамотасымен, ТМД парламентаралық ассамблеясының наградасымен марапатталған. Осыдан тура бір ай бұрын Уланбек Егізбаев "Алтын қалам" сыйлығымен марапатталған еді.
Уланбек Егізбаев Қырғызстандағы шенеуніктер арасындағы жемқорлық оқиғаларын зерттеумен де айналысты, оның материалдары Азаттықтың "Ыңғайсыз сұрақтар" бағдарламасында талқыланды. Журналист әзірлеген арнайы репортаждар Қырғызстан қоғамында талқылауларға ұласқан.
Уланбек Егізбаев 24 шілде күні туған жері - Нарын облысындағы Кок-жар ауылына жерленеді.
ПІКІРЛЕР