Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі Арман Құдайбергеновтің Астанада 11 шілде күні ұрлық жасап ұсталғанын растады.
Астанада өткен брифингте Жақыпов қалада кезекші полицейлер Құдайбергеновті айна ұрлаған соң ұстап, соталды тергеу бастағанын айтты. "Заң бойынша, оған қатысты соталды тергеу жеделдетілген процедура бойынша басталды. Жедел тергеу 15 күн ішінде жүргізіледі. Бұл процедура кезінде ол тергеуге келуге міндеттеледі, бұлтартпау шарасын тағайындамаймыз. Қандай да бір адам тергеуге келуге міндеттелген кезінде оның жүріп-тұруына шектеу қойылмайды" деді Рашид Жақыпов.
19 шілдеде Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған.
Оқи отырыңыз: Алматыда Денис Тенді соңғы сапарға шығарып салды
Денис Теннің қазасына күдікті ретінде 23 жастағы Арман Құдайбергенов пен 1994 жылы туған Нұралы Қиясов ұсталған. Алматы қалалық прокуратурасы Нұралы Қиясов Денис Тенді өлтіргенін мойындағанын, оның уақытша ұстау абақтысына қамалғанын хабарлаған.
Кейін жергілікті БАҚ-та Арман Құдайбергеновтің Алматыдағы қылмысына дейін Астанадада да көлік айнасын ұрлап ұсталғаны хабарланған.
ПІКІРЛЕР