Венесуэла билігі ел президенті Николас Мадуроға қастандық жасалғаны туралы хабарлады. Мәлімдемеде оқиғаның сенбі күні Каракаста әскери шара кезінде болғаны айтылған. Интернетте жарияланған видеода Мадуро сөз сөйлеп тұрғанда тарс еткен дыбыс естіледі. Президенттің күзеті дереу көкке қарап тұрған Мадуроны арнайы қалқандармен көлейгейлеп, қоршауына алады. Оқиғадан жеті адамның зардап шеккені хабарланды.
Венесуэла билігінің дерегінше, Мадуроны жарылғышы бар дрондардың көмегімен өлтірмек болған. Алайда видеода ешқандай дрон көрінбейді. Бұл оқиғаға байланысты тергеу басталып, ұсталғандар бар деген ақпарат тарады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, оқиғаға жауапкершілікті көпшілікке белгісіз "Шолақ жейделі сарбаздар ұлттық қозғалысы" өзіне алған. Associated Press агенттігі оқиға кезінде сол жерде болған өрт сөндірушілерге сілтеме жасап Мадуроның төңірегінде ешқандай дронның байқалмағаны туралы хабарлады. Олардың болжамы бойынша, Мадуро сөз сөлеп тұрған кезде газ баллоны жарылған.
Венесула басшылығы қастандықты әсіреоңшылдар мен көрші Колумбияның билігінен көреді. Колумбия билігі барлық айыптауларды еш негізсіз деп атады.
Биыл мамырда Николас Мадуро Венесуэла президенті болып қайта сайланған. Сайлау алдында оппозицияның көптеген өкілдері тұтқындалған немесе президент сайлауы кампаниясынан шеттетілген. Латын Америкасының кей елдері Венесуэладағы бұл сайлаудың ресми қорытындысын мойындамаған. АҚШ Каракасқа қарсы санкцияларды күшейткен.
Венесуэла қазір өте ауыр экономикалық дағдарыста отыр. Жемқорлық пен экономиканы тиімсіз басқару кесірінен елдің шет мемлекеттерден азық-түлік, дәрі-дәрмек пен ең әуелгі кезекте керек заттар сатып алуға қажетті валюта қоры сарқылуға таяған. 2017 жылы айлар бойы жалғасып, 120-дан астам адам қаза тапқан жаппай наразылықтардан кейін Мадуро құрылтай жиынын өткізіп, көпшілік орынды оппозиция иемденген ел парламентін өкілеттігінен айырған.
ПІКІРЛЕР