Accessibility links

СІМ: Индонезияда зілзаладан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ


Ломбок аралында тұрғындар жер сілкінісінен қираған орынды аршып жатыр. Индонезия, 6 тамыз 2018 жыл.
Ломбок аралында тұрғындар жер сілкінісінен қираған орынды аршып жатыр. Индонезия, 6 тамыз 2018 жыл.

Индонезияда болған жер сілкінісінен қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ деп хабарлады Қазақстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ).

Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың Азаттық тілшісіне айтуынша, Индонезияның Табиғи апаттармен күрес агенттігі Қазақстан консулына берген алдын ала ақпаратына сәйкес, жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Индонезияның Ломбок аралында 5 тамыз күні қуаты 7 магнитудаға жететін жер сілкінісі болған. Соңғы мәлімет бойынша, жер сілкінісінен кем дегенде 91 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды.

Индонезия билігінің хабарлауына қарағанда, зілзаладан аралдың солтүстігінде ондаған ғимарат бүлінді. Құтқарушылар кейбір қирандылар орнына әлі жете алмай жатқандықтан құрбандар саны ұлғаюы мүмкін.

Табиғи апаттармен күрес агенттігі өкілі аралдың басты қаласы Матарамда көптеген ғимарат зардап шегіп, қаланың біраз ауданы электр қуатынан ажыратылғанын айтады.

Зілзала дүмпуі Ломбокке жақын Бали аралында да сезілді.

Туристер көп баратын Ломбок аралында бір апта бұрын да жер сілкініп, 16 адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG