Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық соты Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобус өртіне қатысты қылмыстық істі 7 тамыз күні қарай бастауы керек еді. Бірақ, адвокаттар судья Серік Махамбетовтің қаулысына шағым келтіруіне байланысты процесс әлі басталған жоқ. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық соттың мәліметінше, автобус өртіне қатысты қылмыстық істі қарау оқиға болған жер Ырғыз ауданының сотына жүктелген. Ырғыз -облыс орталығынан 430 шақырымдағы шалғай аудан. Осыған орай адвокаттар Жүнісова, Әжіғалиева мен Әлимағамбетов қылмыстық істі облыс орталығы Ақтөбеде қарау туралы Ырғыз аудандық сотына арыз түсірген. Ырғыз аудандық соты 23 шілде күні адвокаттардың арызын қанағаттандырмау туралы қаулы қабылдаған.
- 7 тамыз күні сот басталуы керек еді. Бірақ, кеше адвокаттар судья Серік Махамбетовтің 23 шілдедегі қаулысына шағым келтіргендіктен процесс басталған жоқ. Адвокаттар шағымы Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасында қаралады, - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Бұл қылмыстық іс бойынша сот алдында бес адам жауап береді. Оның үшеуі – автобус жүргізушісі, екеуі – "Азия транзит сервис" фирмасының құрылтайшысы мен механигі. Автобус жүргізушілері – Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов 2018 жылғы 26 қаңтардан бері Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр. Ал "Азия транзит сервис" компаниясының жетекшісі мен механигі кепіл төлеп, ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған.
Көре отырыңыз: Автобус өртенген аймақ
Тергеу деректерінше, фирма құрылтайшысы "заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады" деп айыпталған. Ал механикке "ақауы бар автобусты жолға шығарды" деген айып тағылған.
Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент - Самара тас жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.
ПІКІРЛЕР