Тәжікстанда Муминабад ауданының 30 жастағы тұрғыны Умар Муродов "президентке тіл тигізді және интернет арқылы мемлекет құрылымын күштеп өзгертуге шақырды" деген айыппен бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Азаттықтың Тәжік редакциясына Хатлон облыстық сотындағы дереккөздің хабарлауынша, 1 тамызда шығарылған сот шешімі енді заңды күшіне енген.
Дереккөздің мәліметінше, Умар Муродов Ресейде еңбек миграциясында жүрген кезінде, "Одноклассники" әлеуметтік желісіндегі парақшасында "президентке тіл тигізіп, мемлекет құрылымын күштеп өзгертуге шақырған".
"Бұл қылмыс үшін қатаң жаза қарастырылған. Бірақ сот Умар Муродовтың заңды бірінші рет бұзып отырғанын, әрі өзінің іс-әрекетіне өкінетінін айтып, Ресейден өз еркімен келгенін ескерді",- дейді дереккөз.
Умар Муродов 12 маусымда Мәскеу-Куляб рейсімен еліне келген бетте ұсталған. Туыстарының сөзінше, Умар Муродов биыл наурыз айында Тәжікстан билігінің сұрауы бойынша, Мәскеуде тұтқындалған. Бірақ дәйектер жеткіліксіз болғандықтан, босатылған.
Умардың әкесі Мурод Давлатов ұлы егер қандай да бір қылмыс жасағанын білсе, Ресейден өз еркімен келмес еді дейді. Әкесінің айтуынша, Умар мектепті 9 сыныпқа дейін оқыған, саясаттан алыс.
Тәжікстан парламенті 2016 жылдың күзінде Қылмыстық кодекске президентке қатысты өзгерістер енгізген. Ол бойынша, "Ұлт бірлігінің және бейбітшіліктің негізін қалаушы Ұлт лидеріне ел алдында тіл тигізгендерді" жауапқа тартып, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
2015 жылы Эмомали Рахмонға "Тәжікстан тәуелсіздігінің негізін қалаушы, ұлт бірлігі және бейбітшіліктің негізін қалаушы - Ұлт лидері" деген атақ берілген. Бұл атақ оған және отбасы мүшелерінің құқығына қол сұғылмауына кепілдік береді.
Тәжікстан билігі Facebook пен “Одноклассники” әлеуметтік желілерін экстремистік идеяларды таратады деп бірнеше рет айыптаған.
ПІКІРЛЕР