Германия канцлері Ангела Меркель президент Владимир Путинді қабылдап, онымен Украинаның шығысындағы жағдайды, Сирия, Иран және “Солтүстік ағыс 2” жобасын талқылаған. Берлин қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан Мезеберг қонақ үйінде өткен келіссөз үш сағатқа созылған.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Меркель мен Путин Украинаның шығысындағы жағдайға қатысты жалпы көзқарастарын айтып, Минск келісім-шартының орындалмай отырғанына өкініш білдірген. 2014 жылдың қыркүйек айы мен 2015 жылдың ақпан айында жасалған Минск келісім-шарты Украинаның шығысындағы қақтығысты шешуге бағытталғанмен ондағы шарттардың орындалмай отырғаны жиі айтылып келеді.
Екі ел басшысы мұнан бөлек, Ресей, Германия, Франция және Түркияның Сириядағы қақтығыстарды тоқтатуға күш салу бойынша диалогтарын жалғастыра беруге келіскен.
Кездесудің алдында Ангела Меркель ақпарат құралдарына Украина мен Сирия мәселесінен бөлек, Путинмен Иран және "Солтүстік ағыс 2" жобасын талқылайтынын айтқан еді. Ол сонымен бірге адам құқығы мәселелерін қозғап, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа да тоқталатынын жеткізген.
Ресей газын Балтық арқылы Германияға жеткізуді көздейтін "Солтүстік ағыс 2" жобасының жоспары туралы айтқан Меркель “Солтүстік ағыс 2" жобасы жүзеге асқан күннің өзінде де Украина Еуропаға газ жеткізу функциясын атқара беруі тиіс” деп айтқан. Бұл тұрғыда Еуропалық одақ, Украина және Ресей арасында басталған талқылау туралы жылы пікір білдірген.
Владимир Путин "Солтүстік ағыс 2" жоспарының Мәскеу үшін экономикалық тұрғыда пайдасын айтқан.
АҚШ "Солтүстік ағыс 2" жобасын қолдамайды және бұл Германияның Ресейге энергетикалық тәуелділігін арттыра түседі деп есептейді. Ал Украина бұл жоба өзін газ тасымалдау бизнесінен алшақтатып тастайды деп алаңдайды.
Алайда Меркель "Солтүстік ағыс" жобасының саяси емес, таза экономикалық жоба екенін айтқан. Ақпарат құралдарының жазуынша, Меркельге бұл тұрғыда Ресеймен қарым-қатынасты жетілдіру бойынша неміс бизнесмендері де қысым жасап отыр.
Кремльдің баспасөз хатшысы 18 тамыз күнгі келіссөз барысында "Солтүстік ағыс" жобасының сөз болғанын растады.
“Путин де, Меркель де бұл жобаны саясиландыру қажет емес дегенге келісті” деді Дмитрий Песков.
Ангела Меркель мен Владимир Путин соңғы рет мамыр айында Сочиде кездескен. Ақпарат құралдарының жазуынша, екі ел басшылары арасындағы пікір алмасу соншалықты жылы болмаған.
ПІКІРЛЕР