Accessibility links

Ақтөбе: Өртенген автобус ісі бойынша айыптау актісі оқылды


Өртенген автобус ісі бойынша сотқа қатысып отырған Өзбекстан азаматтары. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл.
Өртенген автобус ісі бойынша сотқа қатысып отырған Өзбекстан азаматтары. Ақтөбе, 3 қыркүйек 2018 жыл.

Ақтөбеде Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобус өрті бойынша қылмыстық істі қарау барысында айыптаушы прокурор сотталушыларға ресми айып тақты. Өзбекстаннан келген жәбірленуші тараптың тіл білмеуі қиындық туғызып отыр. 3 қыркүйекте басталған сот мәжілісі қазақ тілінде өтіп жатыр. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, Өзбекстанның Ферғана облысындағы Ташлак елді мекенінен келген жәбірленушілер қазақ тілін түсінбейді. Ташлактық 11 адамның біреуі ғана орыс тілінде сөйлейді.

- Прокурор айыптау актісін қазақ тілінде оқыды. Түк ұқпадық. Алдағы бір тәулік ішінде айыптау актісі орыс тіліне аударылып, біздің қолымызға берілуі тиіс, - дейді судьяның сауалдарына өзбек тілінде жауап берген, отандастарының сөзін орысшаға аударып отырған Юлдузхон Ганиева.

Жәбірленуші тараптың талабынан соң сот залына аудармашы шақырылды. Аудармашы Бөлекбаева қазақ және орыс тілдерін меңгерген.


3 қыркүйек күні кешкілік мемлекеттік айыптаушы Осман Орынбасарұлы айыптау актісін оқып бітірді. Бұл қылмыстық іс бойынша сот алдында бес адам жауап беріп жатыр. Олардың барлығы Түркістан облысының тумасы. Прокуратура 1982 жылы туған Нұрлыбек Тілепбаевты Қылмыстық кодекстің 254 бабы (Мiндеттерiне адал қарамау), 348 бабының 4-бөлігі (Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару), 385 бабының 1 және 3-бөліктерімен (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) айыптап отыр. 1975 жылы туған Бахадир Пердебаевқа 348 баптың 4-бөлігімен айып тағылған.

Ал автобус жүргізушілері - 1985 жылы туған Мақсат Пернебеков, 1976 жылы туған Барат Таңатов пен 1968 жылы туған Нұржан Қырғызбаевты тергеу Қылмыстық кодекстің 292 бабының 3-бөлігі (Өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға жауапты адамның оларды бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет), 345 бабының 4-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша айыптайды.

Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан автобус өртінен соң тергеле бастаған 5 адам кеше сот алдында өздеріне тағылған айыппен келіспейтіндерін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG