Биыл шілдеде Ұлыбританияның Эймсбери қаласында уланған Дон Стерджесс адамның жүйке жүйесін зақымдайтын "Новичок" уынан қайтыс болған. Стерджесстің улануына сараптама жасаған Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымының (Organisation for the Prohibition of Chemical Weapons - OPCW) мамандары осындай тұжырым жасады. 2018 жылдың наурызында Солсбери қаласында ресейлік бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальді улауда да осы зат қолданылған.
OPCW осылайша Лондонның Эймсбериде Дон Стерджесс пен оның серігі Чарли Роулидің "Новичокпен" уланғаны туралы болжамын растап отыр.
Бұған дейін Портон-Даундағы әскери технопарк зертханасының сарапшылары Солсбери мен Эймсбериде бірдей у қолданылған деген тұжырым жасаған.
OPCW мамандары у қолданылған орыннан сынама алу үшін Ұлыбританияға екі рет барған. Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі екі талдаудың қорытындысы да "бірдей сенімді нәтиже көрсеткенін" мәлімдеді.
"Біз Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымына Эймсбериде қолданылған жүйке жүйесін зақымдайтын заттың типін анықтауда тәуелсіз сараптама жүргізгені үшін алғыс білдіреміз" деді Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джереми Хант.
Ұлыбритания OPCW-дан сараптама қорытындысы жариялауды және толық есепті Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі конвенцияға қосылған елдермен бөлісуді сұрады. Бұл конвенцияға Ресей де қол қойған. BBC-дің хабарлауынша, Ұлыбритания полициясы Эймсбери мен Солсберидегі улану оқиғаларын тергеуін одан ары жүргізіп жатыр.
ПІКІРЛЕР