Ресей билігі Батыс елдерінің әлемде хакерлік шабуылдар жасады еген айыптауларын терістеді.
Федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко айыптауларды "фейк" деп атады. "Олардың ойынша, Ресей қаупі міндетті түрде болуы тиіс және Батыс елдері тұрғындарының санасына Ресейден қатер төнетіні туралы ойды үнемі құя беру керек, сондықтан олар бадырайып көрініп тұрған нәрседен жалған хабар таратып, арандатады" деді Матвиенко.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистер Ресей Бас барлау басқармасын (ГРУ) айыптауға қатысты комментарий беруін сұрағанда айыптаулардың президент Владимир Путиннің бүгін Нью-Делиде Үндістан премьер-министрімен келіссөзіне әсер етпегенін мәлімдеді. Бұл келіссөзде Үндістанға 5 миллиард доллардан астам қаржыға Ресейдің С-400 зенит-зымыран кешендерін сату туралы келісім жасалды.
"Бұнда күн тәртібі нақты жағдайларға, өзара тиімді ынтымақтастыққа құрылған. Есірік ұстайтын ешнәрсе жоқ" деді Песков ТАСС агенттігіне.
Ресей Сыртқы істер министрлігі Нидерладтың айыптауын "алдын ала ойластырылған үгіт-насихат акциясы" деп санайды. Сыртқы істер миинстрінің орынбасары Сергей Рябков АҚШ-тың Ресей әскери барлау қызметін айыптауын "жалған" деп атады. "Вашингтон "Ресей 2016 жылы АҚШ президенті сайлауына килікті" деген ойдан шығарылған баяғы әңгіменің мүлдем терістелгеніне барынша бөгет болып отыр. Міне, елімізге санкция салып, қосымша қысым жасауға сылтау табу үшін әлемдік қауымдастықты тағы да алдап отыр" деді Рябков.
Владимир Путин мен Ресей Қорғаныс министрлігі әзірге ГРУ-ды айыптауға қатысты жауап бермеді.
Кеше АҚШ Ресей әскери барлау қызметінің агенті деген жеті адамды әлемнің бірнеше елінде кибершабуылдар ұйымдастырды деп айыптаған. АҚШ Әділет министрлігі аты-жөнін жариялаған жеті адамның төртеуі биыл сәуір айында Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымның Нидерландтағы штаб-пәтеріне кибер шабуыл жасамақ болған кезде анықталып, елден шығарылған. Ал үш адам АҚШ-тағы президент сайлауына араласпақ болды деген іске байланысты айыпталған.
Қазанның 4-і күні Ұлыбритания, Нидерланд, Канада да Ресейдің барлау қызметін айыптаған. Нидерланд және Ұлыбритания премьер-министрлері Марк Рютте мен Тереза Мэй ресейлік әскери барлау қызметі ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін келісімді сыйламай отыр деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР