Байқоңырдан ұшырылған "Союз ФГ" зымыран тасығышының апатқа ұшырауына болжам бойынша бірінші және екінші басқыштың бөлінуі кезінде элементтердің соқтығысуы тікелей себеп болған. Бұл туралы "Роскосмос" корпорациясының ұшу бағдарламалары жөніндегі атқарушы директоры Сергей Крикалев хабарлады. Оның сөзінше, апаттың нақты себебі 20 қазанда белгілі болады.
Бұған дейін "Коммерсантъ" басылымы дереккөзіне сілтеме жасап, зымыран тасығыш алғашқы басқышының жанама төрт блогының біріндегі ақаудан апатқа ұшыраған болуы мүмкін екенін хабарлаған. Басылым дереккөзінің болжамынша, ақау жанама блоктың ағытқыш құрылғысының істен шығуынан немесе құрылғы бекіткішінің зақымдануынан шыққан болуы ықтимал. Ағытқыш құрылғы ғарыш кемесін блоктан ажыратуға пәрмен береді.
Ал "Интерфакс" агенттігі бұған дейін зымыранның жанама блогы жағынан ақау туындағанын хабарлаған еді.
Апат себептерін тексеруге бір айдай уақыт бөлінген. Тергеу аяқталғанға дейін "Союз" зымырандарын ұшыруға тыйым салынған.
Қазанның 12-сі күні түстен кейін Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған "Союз" зымыран тасығышы әуеге көтерілгеннен бірнеше минуттан соң апатқа ұшыраған. Зымыран тасығыш тіркелген "Союз МС-10" ғарыш кемесі станцияға ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейгті жеткізуі тиіс болған еді. Апаттан соң ғарышкерлер отырған капсула Байқоңырдан шамамен 500 километр қашықтыққа қонған.
Оқи отырыңыз: Байқоңырдан ұшырылған "Союз" кемесінен ақау шықты
"Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозин Twitter-де апатқа ұшыраған "Союз" экипажы Халықаралық ғарыш станциясына келесі жылы көктемде ұшырылатынын хабарлады.
АҚШ ғарышқа астронавт ұшыру бағдарламасын 2011 жылы доғарған. Содан бері NASA астронавтары Халықаралық ғарыш станциясына ресейлік "Союз" кемесінен орын жалдап ұшуға мәжбүр болған. Соңғы жеті жылда "Союз" кемесі ғарыш станциясына адам мен жүк жеткізетін жалғыз аппарат болып тұр.
ПІКІРЛЕР