Германия, Франция, Түркия және Ресей басшылары қазанның 27-і күні Стамбулдағы кездесуде Сириядағы жанжалды реттеуді талқылайды. Бұл туралы ақпаратты жұма күні аталған төрт елдің өкілдері растаған.
Бұл Сирия проблемасына арналған жоғары деңгейдегі осындай форматтағы алғашқы кездесу болмақ.
Түркия президенті Режеп Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Сирия мәселесін бірнеше рет өзара және Иран прездиентінің қатысуымен талқылаған. Өткен айда Түркия мен Ресей президенттері Сирияның Идлиб провинциясында қауіпсіз аймақ құру туралы келіскен. Бұған қоса Ресей Сирия президенті Башар Асадқа, ал Түркия сириялық кейбір оппозициялық топтарға әскери қолдау көрсетеді.
Соңғы апталарда Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эммануэль Макрон Сирияда үкімет әскері Идлиб провинциясындағы қарулы оппозиция топтарына шабуылдайтын болса, гуманитарлық апатқа ұласуы мүмкін екені туралы бірнеше рет ескерткен.
Германия мен Франция Украина және Ресеймен бірге Украинаның шығысындағы жанжалды бейбіт реттеуді талқылайтын "норман төрттігіне" енеді. Еуропа Одағының құрамындағы екі мемлекет Ресейдің Украинадағы, сол тәрізді Сириядағы іс-әрекеттерін бірнеше рет айыптаған, алайда, сонымен бірге олар әлгі жанжалдарды шешу жолын табу үшін Мәскеумен диалог эүргізу қажеттігін де айтқан.
ПІКІРЛЕР