Accessibility links

Горбачев: АҚШ-тың Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығуы - қателік


Михаил Горбачев, СССР-дің бұрынғы басшысы.
Михаил Горбачев, СССР-дің бұрынғы басшысы.

АҚШ орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды азайту туралы келісімнен шықса қателікке ұрынады. Бұл туралы СССР-дің бұрынғы президенті Михаил Горбачев "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында айтты. Ол "ядролық қарусыз әлемді" маңызды көретін барлық тарапты аталған келісімді сақтап қалуға шақырды.

Германиялық саясаткерлер мен шенеуніктер де осындай көзқарас ұстанады. Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас АҚШ-тың орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды азайту келісімінен шығу ниеті "өкінішті" екенін мәлімдеп, Вашингтонды "мұның ықтимал салдары туралы ойлануына" көндіруге уәде берді.

Германия Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат мәселелері бойынша ресми кеңесшісі әрі Социал-демократиялық партиясының өкілі Нильс Аннен Twitter-де Трамптың келісімнен шығу туралы шешімі "қауіпті" екенін мәлімдеді.

Dpa агенттігінің хабарлауынша, Германиядағы Солшыл партия Трамптың әрекетін ядролық соғыс болу қаупін ұлғайтады деп бағалап, үкіметті ел аумағында орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды азайту туралы келісімді бұзатын америкалық зымырандарды орналастырмауға шақырды.

Бундестагтағы Еркін демократиялық фракциясы төрағасының орынбасары Александр граф Ламбсдорфф АҚШ-тың жоспарын талқылау үшін НАТО-ның кезектен тыс саммитін өткізуге шақырды.

АҚШ президенті Дональд Трамп 20 қазан күні Вашингтонның орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды азайту туралы келісімнен шығатынын мәлімдеген. Ақ үй басшысы Ресейдің келісім талаптарын бұзғанын ғана айтып, басқа мәлімет бермеген.

АҚШ пен СССР арасында орта және шағын қашықтыққа ұшатын ядролық зымырандарды жою туралы 1987 жылы жасалған келісім АҚШ пен Ресейге радиусы 300-ден 3400 миль қашықтыққа дейін жерден ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды шығаруға, сынақтан өткізуге және сақтауға тыйым салады.

Бұған дейін Ақ үй 1987 жылы СССР басшысы Михаил Горбачев пен АҚШ президенті Рональд Рейган Вашингтондағы саммитте қол қойған орта және шағын қашықтыққа ұшатын ядролық зымырандарды жою туралы келісімнен шығатыны туралы жақында Мәскеуді хабардар етпекші деген ақпарат тараған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG