Ресейлік Sputnik Kazakhstan агенттігінің сайтында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей және Өзбекстан президенттерімен Сарыағаштағы бейресми кездесуі туралы 22 қазан күні жариялаған хабарламасына оқырмандар біраз уақыт кіре алмады. Жаңалық қайта шыққан кезде ондағы Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинге Брюссельдің "үлкен сәлем айтқаны" туралы сөзін алып тастаған. Назарбаев өткен аптада Брюссельде өткен "Азия - Еуропа" форумының саммитіне қатысқан.
Қайта жарияланған хабарламада сонымен қатар видео үзінді де өзгертілген. Алғашқы видео үзінді "Макрон сөйлескісі келеді - Назарбаевтың Путинмен және Мирзияевпен бейресми кездеуінің видеосы" деген тақырыппен шыққан еді.
Sputnik Kazakhstan агенттігі Азаттыққа жаңалықты редакция бұғаттап қойғанын хабарлады. Бірақ агенттік оның себебін айтудан бас тартты. Өзін аға редактор Полина Рабенок деп таныстырған агенттік қызметкері "Нендей себеп екенін айтпауға хақымыз бар. Сілтеме бірнеше минуттан соң қайта ашылады. Бірақ видео басқаша шығады. Сол кездесудің видеосы сәл басқаша беріледі" деді.
Азаттық тілшісі Sputnik Kazakhstan өкілімен сөйлескеннен бірнеше минуттан соң Назарбаевтың Путинмен және Мирзияевпен кездесуі туралы жаңалық қайта ашылды. Бірақ онда "Брюссельдің сәлемі" туралы сөз алып тасталған. 40 секундтық видеода президенттер Өзбекстанда өйткен аймақтық ынтымақтастық форумын талқылайды.
Назарбаевтың "Брюссель сәлемін" жеткізгені туралы видеоны әзірге YouTub-тағы бір ғана каналдан көруге болады. Ол видеода Назарбаев "Сізге Брюссельдің үлкен сәлемін жеткізіп отырмын" дейді. Путин оған "Иә, сізден осы туралы сұрағым келіп отыр еді" деп жауап береді. Сосын Назарбаев "[Еурокомиссия төрағасы] Юнкер сізге сәлем айтты. [Франция президенті] Макрон Франция бұрыннан Ресеймен бірге болғанын, бола да беретінін айтты. Жалпы, оның сөйлескісі келеді" дейді. Путин оған "Біз де осыны қалаймыз" деп жауап қатады.
Қазақстан президенті баспасөз қызметінің қызметкері, өзін Мейірлан деп таныстырған адам Азаттыққа Назарбаевтың "Брюссель сәлемін жеткізген" видеосын көрмегенін айтты. Азаттық тілшісі одан "Президент әкімшілігі Sputnik Kazakhstan агенттігіне немесе жаңалықты көшіріп басқан басқа БАҚ-қа хабарлама мен видеоны өзгертуді сұраған жоқ па?" деп сұрады. Президент әкімшілігінің қызметкері "Президенттің баспасөз қызметі тәуелсіз БАҚ-қа ешқашан қысым көрсетпеген, көрсетпейді де" деп жауап берді.
Қазақстан, Ресей және Өзбекстан президенттерінің сайттарындағы ресми хабарламада 20 қазан күні Сарыағашта болған бейресми кездесуде үш ел басшыларының сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылағаны айтылады.
ПІКІРЛЕР