Қырғызстан экс-президенті, Социал-демократиялық партиясының (СДП) жетекшісі Алмазбек Атамбаев Қырғызстанға қайтып келеді. Бұл туралы СДП ресми өкілі Кундуз Жолдубаева мәлімдеді.
Ол "Атамбаев елден қашып кетті" деген сөздерді теріске шығарды. "Ол қайтып келе ме, келмей ме деген тақырыпта пікір таластыруға негіз жоқ. Алмазбек Атамбаевтың ұстанымын жақсы білесіздер. Ол Қырғызстаннан ешқайда кетпейді. Оның елден кетуіне де негіз жоқ. Ол Бішкекке 28 қазанда қайтып келеді" деді Жолдубаева.
Алмазбек Атамбаев Ресейге 22 қазанда ұшып кеткен. СДП оның 22-23 қазанда Санкт-Петербургте болатынын, ол жақта қайтыс болған жеңгесін жерлеу рәсіміне қатысатынын хабарлады. Бұдан бөлек, Атамбаев 24-27 қазанда Мәскеуде өтетін Азия саяси партиялары халықаралық конференциясына қатысады.
Алмазбек Атамбаевтың президенттік өкілеті былтыр қарашада аяқталған. Содан бері Атамбаев пен оның орнына сайланған президент Сооронбай Жээнбековтің қарым-қатынасы айтарлықтай нашарлаған. 2017 жылы Атамбаев президент сайлауының қарсаңында сол кезде премьер-министр болып тұрған Жээнбековті "досым" деп атаған еді.
Оқи отырыңыз: Парламент экс-президенттерді тиіспеу кепілдігінен айыруды қолдады
Биыл маусымда Атамбаевтың жақын екі серігі - бұрынғы премьер-министрлер Сапар Исаков пен Жанторо Сатыбалдиев ұсталған.
Ал қазанның 20-сы күні Мәскеуде Атамбаевтың серігі, оның тұсында президенттің бұрынғы кеңесшісі Икрамжан Илмиянов ұсталып, Бішкек жеткізілген.
ПІКІРЛЕР