Accessibility links

Ильин Ашғабаттағы әлем чемпионатына "қатыспайды"


Илья Ильин.
Илья Ильин.

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Ашғабатта өтетін 2018 жылғы әлем чемпионатына қатыспайды. Бұл туралы Илья Ильин қазақстандық sportx.kz порталына берген сұхбатында айтты. Спортшының сөзінше, жарыстан бас тартуға жарақаты себеп болған.

"Мен әлем чемпионатында жарысқа қатыспаймын, себебі омыртқамда жарақат бары анықталды" деді Илья Ильин. Ол спорттағы бұдан арғы жолы қалай болары да белгісіз екенін, дегенмен, Ашғабатқа жаттықтырушы ретінде баратынын айтты.

"Жарысқа Нижат Рахимовты шығарамын, себебі Зүлфия Чиншанло сияқты онымен жыл бойы бірге дайындалдық. Жаттықтырушыларға, командама көмектесемін" деді ол.

Ашғабаттағы әлем чемпионаты 1-10 қараша аралығында өтеді.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы қыркүйектің соңында Ашғабаттағы чемпионатқа қатысатын қазақстандықтар тізімін жариялаған. Тізімде допинг дауына ілініп, олимпиада алтынынан айырылған Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло болған.

Оқи отырыңыз: Қазақстан ауыр атлетика құрамасындағы допинг дауы

Ильин Пекин және Лондон олимпиадаларында, Чиншанло Лондон олимпиадасында допинг қолданды деп айыпталып, екі жылға спорттан шеттетілген. Олардың жаза уақыты жазда аяқталған.

2017 жылы күзде IWF допинг ережесін көп бұзған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Беларусь, Украина, Түркия сынды елдерді бір жылға жарыстардан шеттеткен. Аталған елдер 2017 жылы Анахаймде (АҚШ) өткен әлем чемпионатына қатысқан жоқ. Бұл елдердің жазасы 2018 жылдың қараша айында аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG