Ресейлік хакерлер АҚШ мемлекеттік департаментінің қызметкерлері атынан вирусы бар электронды хаттар таратқан. Бұл туралы дерек көздеріне сілтеме жасап Reuters хабарлады. Хакерлік шабуыл үкіметтік мекемелер мен бизнес құрылымдарға қарсы жасалған.
Электонды хаттарға АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерттің атынан деп көрсетілген файлдар тіркелген. Файлды ашқан кезде хакерлерге компьютерге кіруге мүмкіндік беретін зиянкес бағдарлама жүктеліп, орнатылатыны анықталған.
Сарапшылар хакерлік шабуылды APT29 тобы жасаған деп санайды. Бұл топты ресейлік әскери барлаумен байланыстырады.
Reuters әңгімелескен дерек көзі АҚШ мемлекеттік департаментімен қоса шабуылдан әскери агенттіктер, Пентагонның мердігерлері, медиа және фармацевтикалық компаниялар зардап шеккенін айтады.
Ресейдің Вашингтондағы елшілігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме сұраған Reuters-ке жауап бермеген. Бұған дейін Мәскеу АҚШ-қа қарсы хакерлік шабуылдарға қатысы туралы айыптауларды үнемі жоққа шығарып келген.
ПІКІРЛЕР