АҚШ сенаты Ресейдің Керчь бұғазында Украинаға қарсы "арандату сипатындағы іс-қимылын" айыптайтын қарар қабылдады. Америкалық The Hill газетінің хабарлауынша, қарарда конгресмендер Ресейді тұтқынға алған украиналық кемелер мен теңізшілерді босатуға шақырады.
Басылымның жазуынша, қарар авторлары республикашыл Рон Джонсон мен демократ Крис Мерфи Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіндегі жанжал аймақтағы жағдайды шайқалтып, одан ары шиеленістіретінін айтады.
Джонсон АҚШ сенаты Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын және Ресей президенті Владимир Путинге Мәскеудің Азов теңізінде Украинаға басқыншылық саясат жүргізіп отырғанына төзе алмайтынын айқын білдіретінін мәлімдеді.
Сенат Мәскеудің Керчь бұғазындағы іс-әрекеті халықаралық құқықтың негізгі ұстанымдарын бұзады деп санайды және халықаралық қауымдастық өкілдерін оған қарсы қарсы бірігуге шақырады.
Бұған дейін Ресейдің іс-әрекетін НАТО, Еуропа Одағы мен басқа да мемлекеттер айыптаған. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Мәскеудің Керчь бұғазындағы жанжалға қатысты ұстанымын "Ресейдің әдеттегі қылығы" деп атап, Лондон Ресейге санкция салатынын мәлімдеген.
Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Буэнос-Айресте өтетін "Үлкен жиырмалық" (G20) елдерінің саммитінде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден бас тартқан.
25 қараша күні Ресей шекарашылары Қырым жағалауынеда Украинаның үш әскери кемесіне оқ атып, экипажымен қоса тұтқындаған. Ресей билігі украин теңізшілерін мемлекеттік шекараны заңсыз кесті деп айыптайды. Украина кемелерінің Керчь бұғазынан өтетіні туралы алдын ала ескертілгенін айтып, оқиғаны арандату және басқыншылық деп атады.
ПІКІРЛЕР