Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сирия конституциялық комитетін құру - Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзінің басты міндеті емесін мәлімдеді. Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Жұмағұловтың Азаттыққа айтуынша, Астанадағы бейбіт келіссөз негізінен Сириядағы соғыс қимылдарын тоқтатуды мақсат тұтады.
- Астанадағы келіссөздің әуел бастағы мандаты - Сириядағы қақтығысты саяси жолмен реттеу емес, әскери іс-қимылдарды тоқтату режимін қамтамасыз ету болды. Осыған байланысты бұған дейінгі келіссөздер нәтижесінде Сирияда төрт деэскалация аймағы құрылды. Олардың үшеуінде - Хомс, Ғұта және Сирияның оңтүстігіндегі деэскалация аймағында соғыс қимылдары толық тоқтады. Қазір Идлибтегі жағдайды тұрақтандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Идлибтегі жағдай қалыпқа келсе, онда Астана процесі өзінің мандатын толық орындады деуге болады, - деді Жұмағұлов.
Ол бұған қоса Астана келіссөзі қазір Сириядағы соғысушы тараптар арасындағы сенімді нығайтып, тұтқын алмасу процесін кеңейтуге ден қойып отырғанын айтты.
Жұмағұловтың сөзінше, Сирия дағдарысын саяси жолмен реттеу, оның ішінде Сирия конституциялық комитетін құру - Женевада БҰҰ бастамасымен өтіп жатқан келіссөздің құзырында.
Астанада 28-29 қараша күндері өткен Сирия бейбіт келіссөзінің 11-кезеңінде БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура "Ресей, Түркия мен Иран Астанада өткен соңғы келіссөзде Сирия конституциялық комитетін құру туралы келісе алмағанына "өкінген".
Сирия конституциялық комитеті Стаффан де Мистурамен бірге Сирияның жаңа конституциясы жобасын дайындауы керек. Кеңесші орган ретінде құрылатын комитетке Сирия үкіметі мен оппозициясының өкілдері енуі тиіс. Комитет құрылған соң Женевада БҰҰ басшылығымен өтіп жатқан келіссөз қайта жанданады.
Стаффан де Мистура таяуда ғана биылғы жылдың соңына дейін комитет құрылмаса, онда одан кейін құруға талпынбайтынын мәлімдеген.
АҚШ Мемлекеттік департаменті де 29 қарашада Ресей мен Иран Башар Асад билігінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарында айтылған саяси процеске қатысуға ниеті жоқтығын Астана процесі арқылы жасырып-жауып отыр деп мәлімдеген. Мемлекеттік департамент мәлімдемесінде Астанадағы соңғы келіссөзге қатысушылар Сирия конституциялық комитетіне кіретін мүшелер тізіміне келісе алмағаны, яғни, Сирия дағдарысын саяси жолмен реттеуде алға ілгерілемегені айтылады.
Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Хизер Нойерт "Сириядағы қақтығысты ұзақ мерзімге тоқтатып, дағдарысты саяси жолмен шешу үшін Женевада жыл соңына дейін конституциялық кеңес құрып, оның жиынын шақыру керек еді. Халықаралық қауымдастықтың қолдап отырғаны - осы. Стамбулда өткен төртжақты саммитте Ресей жыл соңына дейін комитет құру ұсынысына қосылған еді" деді.
Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзі Женевадағы БҰҰ бастамасымен ашылған келіссөзден бөлек өтеді.
ПІКІРЛЕР