Accessibility links

ЕО Украина шығысына қаржы бөлуді ойластырып жатыр


ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини (оң жақта) мен Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 12 наурыз 2018 жыл (Көрнекі сурет).
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини (оң жақта) мен Украина президенті Петр Порошенко. Киев, 12 наурыз 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағы (ЕО) Украинаның оңтүстік-шығыс аймағындағы Азов теңізімен шектес өңірлерге, оның ішінде Мариупольге қаржылай қолдау көрсету жайын ойластырып жатыр. Бұл туралы Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини мәлімдеуінше, қаржы Еуропа инвестициялық банкі арқылы бөлінуі мүмкін.

Могерини бірер күн бұрын Еуропарламенттің отырысында Киев реформаларды сәтті жүргізіп жатқанын айтқан. Дегенмен, ол Украина билігі шешуі керек мәселе жеткілікті екенін, олардың арасында сыбайлас жемқорлыққа ұрынбаған сот жүйесін құру, банк секторындағы қаржыны теріс мақсатта пайдалануды тоқтату, азаматтық белсенділер мен журналистерге жасалған шабуылдарды зерттеу мәселелері барын мойындаған.

Федерика Могерини сонымен қатар кейбір халықаралық мәселелерде ЕО мен АҚШ-тың ұстанымы қайшы екеніне қарамастан, Брюссель Украинаға қатысты саясатын Вашингтонмен үйлестіріп отыратынын айтқан.

Бұған дейін АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер Вашингтон мен оның одақтастары Керчь бұғазында Украина кемелері тұтқындалған оқиғадан соң Ресейге қосымша санкция салу мәселесін ойластыруы керек екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, Еуропа Одағы елдері Қырымнан немесе Азов теңізінен келетін ресейлік кемелердің еуропалық порттарға кіруіне тыйым салуы мүмкін. Уолкер сонымен қатар ресейлік банктердің халықаралық SWIFT төлем жасау жүйесінен шығуы мүмкін екенін де айтқан. Уолкердің пікірінше, Ресей Украинадағы іс-әрекеті арқылы 2019 жылы наурызда Украинада өтетін президент сайлауына ықпал еткісі келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG