Accessibility links

"Астанадан тәуелсіз кәсіподақты қудалауды доғаруды талап етті"


Құспан Қосшығұлов (ортада) Қазақстан Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппауды талап етіп аштық жариялаған Oil Construction Company компаниясы жұмысшылары арасында. Ақтау, 8 қаңтар 2017 жыл.
Құспан Қосшығұлов (ортада) Қазақстан Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппауды талап етіп аштық жариялаған Oil Construction Company компаниясы жұмысшылары арасында. Ақтау, 8 қаңтар 2017 жыл.

Халықаралық кәсіподақтар конгресінің Копенгагендегі жиынында Қазақстандағы жағдай туралы баяндаған тәуелсіз кәсіподақ өкілі Құспан Қосшығұлов Азаттыққа сұхбат берді. Астанадан тәуелсіз кәсіподақ белсенділерін қудалауды дереу доғаруды талап еткен ХКК осы ұйымға Қазақстан кәсіподақтар федерациясының мүшелігін тоқтатқан. Федерация бұл шешіммен келіспейді.

Желтоқсанның 2-і мен 7-сі аралығында Копенгагенде өткен IV Халықаралық кәсіподақтар конгресі (ХКК) Қазақстан кәсіподақтар федерациясының мүшелігін тоқтатып, "билік органдары басқаратын және демократия мен ХКК жарғысындағы ұстанымдарды елемейтін ұйымға қатарымызда орын жоқ" деп мәлімдеген. Конгресс қабылдаған қарарда Қазақстанда кәсіподақтың қызметіне заң жүзінде шектеу қойылып, мемлекеттік органдардың кәсіподақтың ішкі қызметіне араласатыны, тәуелсіз кәсіподақтар белсенділерін қуғындау күшейіп бара жатқаны айтылған.

Қазақстан кәсіподақтарының федерациясы (ҚКФ) Халықаралық кәсіподақтар конгресінің ҚКФ-ның мүшелігін тоқтатқанымен мүлдем келіспейтінін мәлімдеген. Қазақстандық ұйым оның мүшелігін тоқтату туралы Халықаралық кәсіподақтар конгресі қабылдаған шешімінде "заң мен ережені өрескел бұзды" деп біледі.

Oil Construction Company кәсіподағының лидері Әмин Елеусіновті №2 Алматы аудандық сотына әкеле жатыр. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.
Oil Construction Company кәсіподағының лидері Әмин Елеусіновті №2 Алматы аудандық сотына әкеле жатыр. Астана, 14 наурыз 2017 жыл.

Халықаралық кәсіподақтар конгресі Қазақстан билігінен тәуелсіз кәсіподақ лидерлері Лариса Харькова, Әмин Елеусінов, Нұрбек Құшақбаев пен Ербол Балтабайға қатысты шығарылған үкімдердің күшін жойып, оларды қуғындауды дереу тоқтатуды, кәсіподақ белсендісі Дмитрий Синявскийге шабуыл жасағандарды анықтап, жазаға тартуды, бұған қоса 2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылардың бейбіт ереуіліне қатысқан Роза Төлетаева, Мақсат Досмағамбетов (марқұм) пен өзге де белсенділердің істерін қайта қарап, оларды толық ақтауды, бейбіт шеруге оқ атқандар мен ереуілге қатысушыларды тергеу кезінде азаптағандарды жазалауды талап еткен. ХКК Қазақстандағы жұмысшылар тәуелсіз қозғалысы белсенділеріне қолдау білдірген.

​Копенгагендегі жиынға Қазақстаннан арнайы шақырту бойынша қатысып, делегаттар алдында сөз сөйлеген Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) жұмысшылары құрған тәуелсіз кәсіподақ ұйымы лидерлерінің бірі Құспан Қосшығұлов Азаттыққа сұхбат берді. 47 жастағы белсенді 2017 жылы Ақтау қаласында билікке Қазақстанның тәуелсіз кәсіподағы конфедерациясын жаппау туралы талап қойған ОСС мұнайшыларының аштық акциясынан соң жұмыстан шығарылған.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТАР КОНГРЕСІНІҢ ТАЛАБЫ

Азаттық: Құспан мырза, желтоқсанның 2-7-сі аралығында Копенгагенде өткен IV Халықаралық кәсіподақтар конгресінде сөйлеген сөзіңізде не туралы айттыңыз?

Құспан Қосшығұловтың Копенгагенде сөйлеген сөзі:

Құспан Қосшығұлов: Ең алдымен Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақты тіркеуге қатысты қиындық барын айттым. Oil Conctruction Company мекемесінің тәуелсіз кәсіподағы лидерлері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевқа, сот шешімімен жабылған Қазақстанның тәуелсіз кәсіподағы конфедерациясының жетекшісі Лариса Харьковаға қарсы қылмыстық істер туралы баяндадым. Халықаралық еңбек ұйымынан қазақстандық тәуелсіз кәсіподақ белсенділерін ақтауға ықпал етуін сұрадым. Тәуелсіз кәсіподақ мүшелеріне қатысты қуғын-сүргін әлі күнге жалғасып келе жатқанын, конфедерация лидерлерінің бірі Ерлан Балтабайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс пен кәсіподақ белсендісі Дмитрий Синявскийдің соққыға жығылғанын да айттым. Копенгагендегі жиынға Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясынан алты өкіл қатысты. Бірақ олар сөйлеген жоқ.

Азаттық: Конгресте қандай баяндамашылар мен талқылау ерекше есіңізде қалды?

Құспан Қосшығұлов: Әріптестермен пікірлескеннен ұққаным, Қазақстаннан өзге елдерде мейлі ереуіл, мейлі аштық акциясы болсын, кәсіподақтың еңбек құқығын қорғаған іс-әрекеттері қылмыстық заңмен қудаланбайды екен. Ереуіл үшін жұмыстан шығару, соттау тек біздің мемлекетте бардай көрінді маған. Басқа елдерде кәсіподақтың наразылық акциялары "табиғи процесс" деп қабылданып, "жұмыс берушімен өзара келісімге келе алмаған жағдайда өз құқығын қорғаудың бір жолы" деп бағаланады екен. Егер кәсіподақ мүшелерінің наразылық әрекеттерінің заңға қайшылығын дәлелдей алса ғана айыппұл салынатынын естідім. Өз басым бұған таң қалдым. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы конгресі Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақ пен оның белсенділеріне қарсы репрессияларға алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан билігінен өз құқығын қорғаған кәсіподақ мүшелерін қудалауды дереу доғаруды талап еткен қарар қабылдады.

ХКК Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақ лидерлері Әмин Елеусінов, Нұрбек Құшақбаев, Лариса Харькова мен Ерлан Балтабайды қуғындауды тоқтатып, оларға қатысты шығарылған үкімді жоюды және өздерін ақтауды, Дмитрий Синявскийдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оған қастандық жасағандарды анықтап, жазалауды талап етті. Бұған қоса, Жаңаөзен қаласында 2011 жылғы мұнайшылардың бейбіт ереуілінің белсенділері Мақсат Досмағамбетов (марқұм), Роза Төлетаева және басқа да белсенділердің істерін қайта қарап, оларды толық ақтау, тергеу кезіндегі азаптау туралы түскен барлық шағымдарды түбегейлі қайта тексеріп, бейбіт ереуілге қарсы қару қолданған және оқ атуға бұйрық бергендерді жазаға тарту туралы талап айтылған.

ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚТЫ ЖАБУ

Азаттық: Кәсіподақ қызметіне қалай араластыңыз және тәуелсіз ұйым үшін күресуіңізге не себеп болды?

Құспан Қосшығұлов: Бәрі 2011 жылы Маңғыстау облысындағы ОСС компаниясында электр құрастырушысы болып жұмыс істеп жүрген кезімде басталды. Бірде басшыларымызға қарсы сөз сөйлеген едім, содан мені жұмыстан шығарып тастап, алты ай жұмыссыз жүрдім. Бұл - ОСС кәсіподағы төрағалығына Әмин Елеусінов сайланған тұс болатын. Мен кәсіподаққа шағымдандым, олар құқығымды қорғады. Ол кезде өз заңгеріміз болмағандықтан адвокат жалдап, нәтижесінде мені жұмысқа қайта алды, кәсіпорынға бос жүрген күндеріме тиесілі еңбекақыны төлеттіріп бергізді.

Аштық жариялаған ОСС компаниясының жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.
Аштық жариялаған ОСС компаниясының жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

Мен сонда кәсіподақтың жұмысшы құқығын қорғай алатынын түсіндім. Әр азамат өз құқығын қорғап, күрессе, бала-шағасын асырап, еңбек етуге, жалақысын алуға қол жеткізе алады екен ғой деп ойладым. Осыдан кейін өзім де кәсіподақ және еңбек заңдарын оқып, танысып, жұмыс беруші тарапынан әділетсіздікке кезіккен өзге жұмысшыларға көмектесе бастадым. Кейін ОСС кәсіподағының басқарма мүшелігіне сайландым.

Азаттық: Өзіңіз мүшесі болған ОСС компаниясы мұнайшыларының тәуелсіз кәсіподағы сот шешімімен жабылды. Бірақ оның белсенді мүшелері шешіммен келіспей, мамыр айынан бері қарай шағым жазып, кәсіподақты қорғап қалуға тырысып келеді. Бұл талаптарыңыз немен аяқталды?

Oil Construction Company кәсіподақ ұйымының сот шешімімен таратылғаны туралы Маңғыстау облысы еңбек инспекциясының кәсіподаққа жолдаған хаты. Ақтау, 15 қараша 2018 жыл.
Oil Construction Company кәсіподақ ұйымының сот шешімімен таратылғаны туралы Маңғыстау облысы еңбек инспекциясының кәсіподаққа жолдаған хаты. Ақтау, 15 қараша 2018 жыл.

Құспан Қосшығұлов: Талап аяқталған жоқ. Біз қазір сотқа кассациялық шағым беріп жатырмыз. Жалпы кәсіподаққа қатысты сот процестерінің өзі заңсыз өтті. Сәуірдің 11-i күні Маңғыстау облыстық экономикалық соты облыс әкімдігінің арызы бойынша ОСС компаниясының тәуелсіз кәсіподақ ұйымын жабу туралы шешім шығарған. Біз оны соттың сайтынан кездейсоқ көрдік. Апелляциялық шағым бердік, бірақ жеңілдік.

Сот процесінің жалғасып жатқанына қарамастан Маңғыстау облыстық әкімдігі біздің кәсіподақ ұйымын таратуды бастап кеткені туралы естіп, жиналыс өткізіп, арамыздан алты адамды тарату комиссиясы мүшелігіне қабылдауды сұрадық. Бірақ билік ол өтінішімізді орындаудан бас тартты. Заң бойынша, таратар алдында БАҚ арқылы хабарландыру жариялануы тиіс болатын. Біз сондай хабарландырудың қашан, қандай ақпарат құралында жарияланғаны туралы сауалымызға да жауап ала алмадық. Қоғамдық ұйымдар туралы заңда оның жұмысына мемлекеттің араласуға құқығы жоқ деп жазылған. Ал бұл жерде атқарушы билік араласпақ түгілі, сот арқылы жаптырып отыр. Кәсіподақ мүшелерінің жарнасынан жиналған қаржының қалай және қайда жұмсалып жатқанынан да хабарсызбыз.

"ҰЙЫМДЫ ТІРКЕТУГЕ ОН ТӨРТ ӨТІНІШ БЕРДІК"

Азаттық: ОСС тәуелсіз кәсіподағын Қазақстанның кәсіподақтар федерациясының құрамындағы мұнайшылардың салалық кәсіподағына тіркемегені белгілі. Оған не себеп болды?

Құспан Қосшығұлов: Оның бірнеше себебі болды. Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы құрамындағы Атырау мұнайшыларының салалық кәсіподағына ОСС кәсіподақ ұйымын алдымен қабылдаған, кейін 2014 жылы шілдеде шыққан кәсіподақ туралы жаңа заңға сәйкес, бізді "тіркелмедіңдер" деп шығарып тастады. Мен ол кезде алқа мүшесі едім. Кәсіподақтар туралы жаңа заңға сәйкес біз қоғамдық ұйымды тіркетуге он төрт мәрте өтініш бердік. Бірақ ол жазғандарымызды Маңғыстау облыстық әділет басқармасы түрлі себептермен қайтара берді. Осы аралықта жаңа заңға байланысты қайта тіркеуден өтуге берілген алты ай мерзім өтіп кетті. Шын мәнінде, біздің проблемамыз кәсіподақ туралы жаңа заң қабылданысымен-ақ басталған. Ол заң жобасын бізге 2013 жылы қыркүйекте Астанаға кәсіподақтар семинарына барғанымызда көрсеткен. Біз қарсы болып, облыстағы 16 кәсіподақ ұйымының мүшелері жобаны қабылдамауды талап еттік. Бірақ бізді ешкім тыңдаған жоқ. Сөйтіп ол заң қабылданды.


Азаттық: Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясынан бөлек елде тағы бір тәуелсіз "Аманат" кәсіподағы ұйымы пайда болды. Бұл кәсіподақ өкілдерімен әріптестік қарым-қатынастарыңыз қалай?

Құспан Қосшығұлов: ОСС жұмысшыларының кәсіподағы ұйымы Қазақстанда іс жүзінде қазір жоқ. Жалпы, жоғары жақтағы белгісіз бір күштерге біздің тіркелмеуіміз, жабылуымыз маңызды болған тәрізді. Себебі, Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақ ұйымы арасында қазіргі жалғыз қалған Шымкенттегі "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы Ерлан Балтабайдың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Таныс сценарий: іс қозғаған соң салалық кәсіподақты жабады, бұл сонымен тәуелсіз кәсіподақ толық жойылды деген сөз ғой. Бірақ өз мемлекетімізде заңды тіркеуге алмағанымен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы бізді толыққанды мүшесі ретінде қабылдап, мойындады. Ал өз елімізде заңды тіркеуде болмағаннан кейін "Аманат" кәсіподағымен ешқандай әріптестік байланысымыз жоқ.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG