Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамптың Сириядан америка әскерін шығару жоспары Израильдің Иранның Сириядағы іс-қимылын тежеу саясатын тоқтатпайтынын мәлімдеді.
"АҚШ-тың Сириядағы екі мың әскерін шығару шешімі біздің жүйелі саясатымызды өзгертпейді. Біз Иранның Сирияда әскерін орналастыру әрекетіне қарсы тұрамыз, қажет болса ол жақтағы іс-қимылымызды күшейтеміз" деді Нетаньяху.
Дональд Трамп 19 желтоқсан күні Сириядағы АҚШ әскері шығарылатынын жариялаған. АҚШ әскері бұл елде сириялық арабтар мен күрдтерге "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымымен соғыста қолдау көрсетіп жатқан. Көптеген сыншылар Сириядан әскер шығаруды күрдтерді сатып кету деп және ол Ресей мен Иранның Сирияда жеңіске жетуіне жол ашады деп бағалады.
Сирияда 2011 жылдан бері азаматтық соғыс жүріп жатыр. Бұл соғыста Ресей мен Иран Сирия президенті Башар Асадқа, ал АҚШ пен Түркия түрлі көтерілісшіл топтарға қолдау көрсетеді.
ПІКІРЛЕР