Accessibility links

Адвокат: Трамп енді арнайы прокурор сұрақтарына жауап бермейді


Рудольф Джулиани, АҚШ президенті Дональд Трамптың адвокаты.
Рудольф Джулиани, АҚШ президенті Дональд Трамптың адвокаты.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұдан былай арнайы прокурор Роберт Мюллердің 2016 жылғы президент сайлауына Ресейдің араласу ықтималдығына қатысты сұрақтарына жауап бермейді. Бұл жайында Трамптың адвокаты Рудольф Джулиани Hill TV арнасына берген сұқбатында айтты. Заңгер Ақ үй басшысы прокурорға жеткілікті ақпарат берді деп есептейді.

Адвокат Джулиани бұған дейін Fox News телеарнасына берген сұқбатында Трамптың тергеушілермен жеке кездесуіне үзілді-кесілді қарсы екенін, себебі олар "қитұрқы сұрақтарымен президентті шатастыруы мүмкін" екенін айтқан. Адвокат Мюллер командасының сұрақтарына жеке өзі жауап беруге дайын екенін ескерткен.

Бұдан бөлек, Джулиани арнайы прокурорды Федералдық тергеу бюросының (немесе FBI) бұрынғы агенті Питер Стржоктың хаттарын жоюға мүмкіндік берді деп айыптады. Адвокаттың сөзінше, Стржок хаттарында әріптестеріне "Трамптың президент болуына кедергі келтіруге дайындалып жатқанын" айтқан. Бұл бұрынғы агент арнайы прокурордың командасында жұмыс істеген кезінде болған. Хат FBI серверінде сақталған, бірақ АҚШ әділет министрлігінің мәліметінше, техникалық ақауларға байланысты жойылып кеткен.

АҚШ-та Ресейдің 2016 жылғы президент сайлауына килігу ықтималдығы зерттеліп жатыр. 2017 жылдың тамыз айында АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер "сайлаудағы Ресей ізін" зерттеу үшін алқабилерді шақырған. Мәскеу бұл іске қатысын терістеп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG