Қытайдың өздігінен жұмыс істейтін ғарыш аппараты Айдың күн сәулесі түспейтін қараңғы жағына қонуға дайындалып жатыр.
Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының 2 қаңтар күні хабарлауынша, "Чанъэ-4" аппараты 3 қаңтарда бағытын өзгертіп, Айдың қараңғы жағына қонады. Айдың қараңғы жағына бұған дейін бір де бір елдің ғарыш аппараты қонбаған.
China Daily агенттігінің хабарлауынша, "Чанъэ-4" аппараты 29-30 желтоқсан күндері Ай орбитасына өтіп, Ай бетінен 15 километр қашықта ұшқан.
Айды зерттейтін аппарат 8 желтоқсанда Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сичан космодромынан Long March 3B зымыранымен ұшырылған. Аппаратқа тіркелген робот Айдың бетін зерттейді және онда тәжірибелер жүргізеді.
Қытай 2013 жылы желтоқсанда Айға алғашқы "Чанъе-3" аппаратын қондырған еді. Алайда, техникалық қиындықтарға байланысты аппарат бір айдан соң істен шыққан.
АҚШ, Үндістан, Жапония және Ресей де таяу жылдары Айды зерттейтін ғарыш аппараттарын ұшыруды жоспарлап отыр. АҚШ 1969-1972 жылдары Айға 12 аппарат қондырған. Зерттеу аппараттары Айдың қараңғы жағын суретке түсіргенімен, олардың бір де бірі ол жаққа қонбаған.
ПІКІРЛЕР