Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қарағанды облысында қорықшыларға шабуылдады деген күдіктілердің анықталғанын хабарлады. Астанада парламент сенатындағы жиыннан соң журналистер сауалдарына жауап берген Қасымов "Күдіктілерді анықтадық. Ол жерде екі көлік болған, олар да белгілі болды. Оқиғаны көргендер де бар" деді.
Министр күдіктілердің Қызылорда облысының тұрғындары екенін ғана айтып, саны қанша екенін айтпады. Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің "адам өлтіру" бабымен іс қозғалып, күдіктілерге іздеу жарияланған.
"Олар екі көлікпен жүрген. Қылмысты бір көліктегі үш адам жасаған. Екінші көліктегілерді анықтау арқылы қылмыс жасады деген күдіктілерді анықтадық" деді Қасымов.
Ауылшаруашылығы министрлігі 15 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында "Охотзоопром" республикалық мекемесінің инспекторы киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, қайтыс болғаны туралы ақпарат таратқан. Министрлік мәліметінше, 13 қаңтарда кешке Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз үш адам олардың ізіне түскен инспекторлар Ницык пен Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Арада екі сағаттан астам уақыт өткенде полиция мен инспекторлар шабуылдан жараланған инспекторларды тапқан. Басынан ауыр жараланған Ерлан Нұрғалиев 14 қаңтарда Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізілген. Бір күннен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.
Қаңтар басталғалы бері Қарағанды облысында осымен екінші рет заңсыз киік ату фактісі тіркеліп отыр. Айдың басында Ұлытау ауданында полиция қызметкері заңсыз киік аулады деген күдікпен ұсталған.
Қазақстанда құрып кету алдында тұрған жануар ретінде Қызыл кітапқа енгізілген киікті аулауға тыйым салынған.
ПІКІРЛЕР