Accessibility links

Полиция қорықшы өліміне күдіктінің үйіне барды


Қызылорда облысының Абай ауылында жүрген полиция қызметкерлері. 17 қаңтар 2019 жыл.
Қызылорда облысының Абай ауылында жүрген полиция қызметкерлері. 17 қаңтар 2019 жыл.

Қызылорда облысында полиция Қарағанды облысындағы қорықшыларға шабуыл жасады деген күдіктінің үйіне барды. Азаттық тілшісі Қызылорда түбіндегі Абай ауылына барғанда күдіктінің үйіне тергеушілер кіріп кеткенін және көшеде полиция қызметкерлері жүргенін көрді. Үйдің маңын қарауылдап жүрген полицейлер де Азаттыққа түсінік беруден бас тартты. Азаттық тілшісі полиция күдікті тұрады деген үйге барып, күдіктінің туысымен сөйлесті. Өзін күдіктінің ағасымын деп таныстырған С.А есімді тұрғын бауырының үйден кеткеніне бір апта болғанын, содан бері хабар-ошарын біле алмай отырғандарын айтты.

Азаттық редакциясына түскен, Қарағанды облыстық полиция департаменті таратты делінген бағаттамада күдіктінің Қызылорда облысының Б.А. есімді 1984 жылы туған тұрғыны екені айтылады.

Азаттық тілшісі бұл ақпараттың анығын білмек болып Қарағанды облыстық полиция департаментіне хабарласқанымен, түсінік ала алмады.

Ауылшаруашылығы министрлігі 15 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында "Охотзоопром" республикалық мекемесінің инспекторы киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, қайтыс болғаны туралы ақпарат таратқан. Министрлік мәліметінше, 13 қаңтарда кешке Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз үш адам олардың ізіне түскен инспекторлар Ницык пен Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Арада екі сағаттан астам уақыт өткенде полиция мен инспекторлар шабуылдан жараланған инспекторларды тапқан. Басынан ауыр жараланған Ерлан Нұрғалиев 14 қаңтарда Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізілген. Бір күннен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.

Бүгін Астанада журналистер сұрақтарына жауап берген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция күдіктілерді анықтағанын, олардың Қызылорда облысының тумалары екенін айтқан. Министр қылмысқа күдіктілер үшеу екенін және оларға іздеу жарияланғанын ғана айтып, аты-жөндерін атамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG