Accessibility links

Түркия билігі мыңнан аса оппозиционерді қамауға шешім шығарды


Түркиядағы әскери бүлік кезіндегі сурет. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.
Түркиядағы әскери бүлік кезіндегі сурет. Стамбул, 16 шілде 2016 жыл.

Түркия билігі АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фетхулла Гүленнің қозғалысымен байланысы бар деген күдікпен бір мыңнан астам адамды тұтқындауға шешім шығарған. CNN Turk телеарнасының дерегінше, күдікке ілінгендердің көбі Анкарада тұрады, бірақ елдегі 76 провинциясының барлығында полиция операциясы жүргізілген.

2016 жылы шілдеде Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болғандардың әрекеті сәтсіздікке ұшырағаннан кейін елде 80 мыңнан астам адам тұтқындалып, 150 мың мемлекеттік қызметкер мен әскерилер жұмысынан айырылған. Президент Режеп Ердоғанды сынаушылар билік іске аспай қалған бүлікті өзге пікірдегі адамдарды басып-жаншу үшін сылтау етіп пайдаланды дейді.

1999 жылдан бері АҚШ-та тұратын Фетхулла Гүлен 2013 жылға дейін Режеп Ердоғанмен жақын байланыста болған, кейін екеуі араздасып қалған. Түркия билігі Гүленді 2016 жылы әскери төңкеріс жасамақшы болды деп айыптап, АҚШ-тан оны беруді бірнеше рет талап еткен.

Фетхулла Гүлен бүлікке еш қатысы жоғын айтып, Анкараның таққан айыптарын жоққа шығарады.

Түркия билігі соңғы екі жылда Гүленнің "Хизмет" қозғалысына қатысы бар деген күдікпен қамауға алған мыңдаған адамның арасында саясаткерлер, судьялар, әскерилер мен қоғам қайраткерлері бар.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG