Accessibility links

Ақтөбелік шаруалар мал ұрлығы көбейгеніне шағымданды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

21 ақпанда Ақтөбе облысының "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңес жиынына Әйтеке би ауданынан келген фермер Қуанбек Әсімбетов 2018 жылы сәуірде 206 бас жылқысы жоғалып, 68 млн теңгеден астам шығын келгенін мәлімдеді.

- Тергеушілер тек 9 бас жылқы жоғалған деп тапты. Мен істің қайта тергелуін талап еттім. Содан кейін іс созыла бастады. Күдіктілер бар. Бірақ осы кезге дейін оларға бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ. Бас прокуроратураға дейін шағымдандым. Арызым айналып Әйтеке би ауданына қайтып келеді, - деді "Әсем-Наз" өндірістік кооперативінің төрағасы Қуанбек Әсімбетов.

Соңғы төрт жылда 700-ден аса малы ұрланғанын айтқан Қуанбек Әсімбетов ол ұрлықтарға байланысты қозғалған қылмыстық іс де жабылып қалды дейді.

Алға ауданында тұратын фермер Самат Қалдығұлов 2018 жылы желтоқсанда 43 жылқысы ұрланғанын айтады. "Осыдан екі жыл бұрын асылтұқымды 5 жылқым ұрланып, іс ашылмай қалған еді" дейді ол.


"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Рахат Тәжібаевтың айтуынша, облыстың шаруа қожалықтарынан мал ғана емес, ауыл шаруашылығы техникалары да жиі ұрланады.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы басшысының орынбасары Евгений Годлевский "Әсем-Наз" кооперативінен мал ұрлауға қатысты Әйтеке би ауданында 5 адам тергеліп жатқанын айтты. Алға ауданында да мал ұрлығына күдікті 5 адам анықталған. "Қылмыстық іс жуырда прокуратураға жолдануы тиіс" деді ол.

Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Азамат Дүйсембеков мал ұрлығына қатысты істерді тергеу барысында полицияның олқылық жібергенін растап, ұрлық деректерінің бақылауға алынғанын айтты.

Облыстық ішкі істер департаментінің Азаттыққа берген мәліметі бойынша, 2019 жылы қаңтарда облыста мал ұрлығына қатысты 16 дерек тіркелген. Оның бесеуі ғана ашылған. Тұрғындардың меншігіндегі 64 бас мал ұрланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG