25 ақпанда Женевада басталған БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің жиынында Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Шыңжаңдағы ұйғырлар мен діни азшылықтардың өміріне алаңдаушылық білдіретінін айтты. Ол Пекинді дін бостандығын қорғап, ұлттардың дәстүрін құрметтеуге шақырды. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.
Чавушоглудың айтуынша, Қытай "кінәсіз адамдар мен террористерді айыра білуі тиіс".
"Қытай адам құқықтары мен дін бостандығын құрметтеп, ұйғыр және басқа да мұсылман азшылықтардың дәстүрін қорғайды деп үміттенеміз" деді Түркия сыртқы істер министрі.
Женевадағы жиында Ұлыбритания сыртқы істер министрі Лорд Ахмад: "Шыңжаңдағы ұйғырларды қудалап жатқанына алаңдаушылық білдіреміз" деді.
Женевадағы жиынға қатысып жатқан Қытай делегациясы Түркия мен Ұлыбританияның мәлімдемесіне әзірге жауап берген жоқ. Женевадағы БҰҰ адам құқығы кеңесінің жиыны екі аптаға созылады.
10 ақпанда Түркия сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Қытайдан "миллиондаған ұйғыр қамауда отырған" Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды талап еткен. Сол күні Қытайдың Түркиядағы елшілігі ресми Анкараның мәлімдемесін "жалған айыптау" деген.
Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтала бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.
Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын" айтты.
Қазақстандағы қазақтар да Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.
Былтыр желтоқсанның соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де бар. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында "жағдайдың жақсы" екенін айтқан.
ПІКІРЛЕР