Accessibility links

Полиция "Настоящее время" тілшісін тағы да ұстап, босатты


Журналист Светлана Глушкова (ортада) Назарбаев әуежайында полицейлер ұстаған кезде. Нұр-Сұлтан. 31 наурыз, 2019 жыл
Журналист Светлана Глушкова (ортада) Назарбаев әуежайында полицейлер ұстаған кезде. Нұр-Сұлтан. 31 наурыз, 2019 жыл

Қазақстан астанасындағы Назарбаев әуежайында полицейлер "Настоящее время" арнасының тілшісі Светлана Глушкованы ұстады. Оқиға 31 наурызда болған. Тілші ұсталған соң әуежайға оның адвокаты Бауыржан Азанов та барған.

Азаттық тілшінің ұсталу себебін ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораздан сұрағанда, ол өздеріне мұндай мәліметтің түспегенін айтып, Астана қалалық полиция департаментіне сілтеді. Департаменттің баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова жауап берген жоқ.

31 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласында ұсталған кезінде полиция қызметкерлері Светлана Глушкованың 22 наурыз күнгі оқиға кезінде "ұрды" деп шағынған адамның арызы бойынша әкімшілік сотқа тартылатынын айтқан. Светлана Глушкова Алматыдан ұшып жеткен болатын. Адвокат Бауыржан Азанов тілшінің үстінен түскен шағым туралы өтініш беру құқығын пайдалануға да мүмкіндік беруін сұраған.

Журналист Светлана Глушкованы (сол жақта) Назарбаев әуежайында полицейлер бөгеген бір сәт. Нұр-Сұлтан. 31 наурыз, 2019 жыл
Журналист Светлана Глушкованы (сол жақта) Назарбаев әуежайында полицейлер бөгеген бір сәт. Нұр-Сұлтан. 31 наурыз, 2019 жыл

Назарбаев әуежайында полицейлер Глушкованы төрт сағаттан астам уақыт ұстаған соң босатқан. Адвокаты Бауыржан Азановтың айтуынша, полиция оның үстінен әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама толтырған. Хаттаманы толтырған Сарыарқа аудандық полиция департаменті өкілдері адвокат пен оның қорғауындағы азаматтың заң бойынша өтініштері мен арыздарын ескермеген. Адвокаттың айтуынша, полицейлер ең соңында толтырылуға тиісті хаттаманы істің барысы дәлелденбей жатып толтырып жіберген. "Өтініштерімізді алмай қойды" деген Бауыржан Азанов Светлана Глушкованың өзін қорғау құқығын шектемеу туралы айтқаны ескерілмеді деп есептейді.

Полицейлер тілшіні босатқанымен, 1 сәуір күні сотқа шақырту жазған. Алайда адвокат Бауыржан Азанов тілші Светлана Глушкованың заң жүзінде қол қойып, шақыртуды қабылдап алмағанын айтады.

"Настоящее время" (Азаттық пен "Америка дауысы" радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкованы мұның алдында да полиция қамап, соңынан босатқан. Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен "Настоящее время" тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, Светлана Глушкованы полицейлер қамаған.

Оқи отырыңыз: Наурыз мерекесі адамдарды ұстаумен басталды. Арасында тілші де бар

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар бұл оқиғаны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG