Өзін оппозициялық ұйым ретінде атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) 9 маусымда Қазақстанда өтетін президент сайлауына бойкот жариялады. Бұл туралы партияның 26 сәуірде өткен құрылтай жиынында мәлім болды.
26 сәуірде өткен съезде сөйлеген партия мүшелерінің бәрі билікті "сайлауда дауыс ұрлайды" деп айыптап, сайлауға бойкот жариялауды ұсынды.
Қатысушылардың бірі "ЖСДП саяси кеңесі президент сайлауына үміткер ретінде ұсынған журналист Ермұрат Бапиді қолдаймыз. Бірақ біздегі сайлау - қуыршақтар қатысатын науқан. Сондықтан сайлауға бойкот жариялап, парламент сайлауына дайындалайық" деді.
Мұнан соң сөйлеген "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи "ауыр болса да, үміткер болудан бас тартатынын" айтты.
- "Президент сайлауына қатысудың қажеті бар ма өзі?" деп ойладым. Мен сайлауға қатыссам, қуыршақ қана боламын. Көптің біріне айналамын. Мемлекеттік қызметте тәжірибем де жеткіліксіз. Кандидатурамнан бас тартамын. Сенім білдіргендеріңізге рақмет, - деді Бапи.
Журналист сөз сөйлеп біткен соң партия төрағасы Жармахан Тұяқбай микрофонды алды. Бірақ съезд қатысушыларының бірі ортаға шықты да, сайлауға бойкот жариялауға қарсы шықты.
Артынша Бапи мінберге шығып, үміткер болуға түсуден қайта бас тарты.
- Мен сайлауға түсуден қорықпаймын. Бірақ алда парламент сайлауы келе жатыр. Ресурстарымызды соған сақтауымыз керек. Сіздерді де қолдаймын. Бірақ мына ақымақ жүйеде сайлауға қатыспаймын. Кандидатурамды алып тастаймын, - деді Ермұрат Бапи.
Мұнан соң Тұяқбай бойкот жариялау мәселесін дауысқа салды. 36 съезд қатысушысы - қолдап, үшеуі қарсы дауыс берді.
Тікелей эфир: ЖСДП партиясының съезі
Билікке оппозициялық бағытты ұстанатынын жариялаған Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясы 2006 жылы күзде құрылып, төрағалығына Жармахан Тұяқбай сайланған. 2009 жылы "Нағыз Ақ жол" партиясымен бірігіп, көп ұзамай қайта бөлінген.
2016 жылы парламент сайлауында 1,18 пайыз дауыс жинап, қажетті жеті пайыздық межеге жете алмаған соң партия мәжілістен орын ала алмаған.
Құқық қорғаушылар Қазақстанның "Сайлау туралы" заңын "демократия қағидаларына сай емес" деп, "заң мен Конституция арасында қайшылықтарын" барын бірнеше рет айтқан.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқталады.
ПІКІРЛЕР