29 сәуірде Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әл-Фараби даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер көпіріне Қазақстан Конституциясынан цитата ілген Роман Захаровты ұсақ бұзақылық бабымен 5 тәулікке қамады. Бұл туралы Захаровтың адвокаты Ерлан Ерболатұлы хабарлады.
Әлеуметтік желідегі суреттерге қарағанда, Захаров ілген баннерде Конституцияның 3-бабы 1-тармағындағы "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" деген сөз жазылған.
Адвокат "Үлгерсек Захаровқа шыққан шешім үстінен бүгін шағым түсіреміз" деді. Ерболатұлының айтуынша, олар Захаровты қамау туралы сот қаулысын әлі алмаған.
"Полиция видеобақылау камерасыдағы бейнені де, өздерінің видеожетондарындағы жазбаны [сотта] көрсетпеді. Видео полицияның жеке құрылғысынан көрсетілді" деді адвокат. Оның сөзінше, бұл видеоны істе айғақ деп танымау туралы адвокат өтінішін сот қанағаттандырмаған. "Сот қаулысын ала сала, шешім үстінен шағымданамыз" деді Ерболатұлы.
Адвокаттың айтуынша, Захаров дүйсенбі күні таңертең ұсталған. Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетовтің Азаттыққа бұл ақпаратты растады.
- Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы 1-тармағымен (қоғамдық орындарды ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау) 5 тәулікке қамалды. Адам жүретін жерге пластик бау, скотч пен ақ мата сияқты тұрмыстық қалдық тастаған, - деді Махамбетов.
Сот алдында жүрген Азаттық тілшісіне Захаровтың достары "суретшіні полиция бөлімшесіне 9 сағат ұстады" деген. Қалалық сот Азаттық тілшісінің "Бұл рас па?" деген сұрағына "Білмеймін" деп жауап берді.
Захаровтың ұсталғанына қатысты Алматы полициясы әзірге пікір білдірген жоқ.
Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні - Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.
Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия, Италияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдердеТөлесова мен Толымбековті қолдап, "Шындықтан құтыла алмайсың" акциясын өткізген.
ПІКІРЛЕР