10 маусымда Алматыда жүзден аса адам ақын Ринат Зайытовты іздеп, қалалық полиция департаменті маңына жиналды. Олар "Зайытовты босатпайынша тарқамаймыз" дейді.
Әнші Нұрлан Албан департамент алдына жиналуларын "бұл наразылық шарасы немесе көтеріліс емес, ұсталған бауырларымызды сұрайтын, іздейтін адам бар екенін көрсету" деп түсіндірді. Азаттық тілшісінің айтуынша, жиналғандарды полицияның арнайы жасағы қоршап тұр. Олармен Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров сөйлесті.
- Ішіп алған жастар бұзықтық жасамасын деп келіп тұрмыз. Жолдан біраз адам қосылып алды, алаңға барамыз деп ұран жасады. Араларында масы да бар, бұзығы да бар. Ал Ринатқа (Зайытов - ред.) ешқандай айып тағылмайды. Қазір осында келеді, өзі айтады, - деді ол.
10 маусымда Алматыда кешкі сағат 18.00 шамасында Бауыржан Момышұлы - Тұрар Рысқұлов көшелері қиылысындағы Алатау театры маңына бір топ адам сайлау нәтижесін жарамсыз деп, наразылық білдірген. Сол уақытта полиция 50-60 шақты адамды полиция ұстап әкеткен. Олардың арасында айтыскер ақын Ринат Зайытов болған.
10 маусымда орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының нәтижесін жариялады. ОСК дерегінше, "Нұр Отан" кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев шамамен 70 пайыз дауыс алған.
ПІКІРЛЕР